Қазақстан құрамасы ски-альпинизмнен Азия кубогы кезеңінде төрт алтын жүлде жеңіп алды
Қазақстан құрамасы Оңтүстік Кореяның Канвон провинциясында өткен Азия кубогы кезеңінде сәтті өнер көрсетіп төрт алтын медаль жеңіп алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: olympic.kz
Ски-альпинизм – бұл шаңғымен өрмелеу, жоғары жылдамдықпен түсу және күрделі техникалық учаскелерді еңсеру үшін альпинистік дағдыларды біріктіретін қарқынды спорт түрі.
Қазақстандық спортшылар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, негізгі дисциплиналарда жүлделі орындарға ие болды. Отандастарымыз Оңтүстік Кореяда жеті медаль жеңіп алды.
“Вертикалды жарыс” бәсекесінде Әсем Назырова мен Шыңғыс Байкашев бірінші орын иеленсе, Нияз Жанзақов екінші орыннан көрінді. Сондай-ақ Денис Власов үздік үштікке кірді.
“Спринт” сайысында Әсем Назырова мен Денис Власов алтын жүлдені жеңіп алды. Нияз Жанзақов бұл қашықтықта да күміс жүлдені ұтты. Ал Шыңғыс Байкашев қолаға қол созды.
Айта кетейік, ски-альпинизм Қазақстанда ресми спорт түрінде бір жыл бұрын ғана танылды.