Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақстан қолдау хатын жолдамады": Иранның Қазақстандағы елшісі өкінішін білдірді

Фото: Ақорда

Иранның Қазақстандағы елшісі Али Акбар Джоукар қазіргі оқиғаларға байланысты Қазақстан тарапынан ешқандай қолдау хабарлама келмегенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ол Астанадағы брифингте сөз сөйледі.

"Қазақстан – біз үшін дос әрі бауырлас ел. Мүмкін, демалыс күндері болғандықтан, Қазақстан билігі хабарлама жіберуге мүмкіндік таппаған шығар", – деді ол.

Елші Парсы шығанағындағы мемлекеттерге жасалған соққылар туралы да пікір білдірді.

"Әскери әрекеттер басталар алдында біз ресми түрде хабарлаған едік. Парсы шығанағындағы база АҚШ-қа тиесілі. Сондықтан олар шабуылға ұшырайды. Қазір кейбір достарымыз, араб елдері, Иранның осы базаларды шабуылдағанына реніш білдіруде. Бірақ шабуыл дәл осы базалардан басталғандықтан, Тегеран қорғаныс мақсатында соққы беруге мәжбүр болды. Қақтығыс нәтижесінде көптеген адамдар қаза тапты. Соның ішінде мектепке жасалған шабуыл кезінде 160 бала мерт болды. Ирандағы азаматтық нысандар да зақымданды", – деді ол.

Елші осы тұста Трамптың кеңесшілерін ақымақ деп атады.



"Мен Трамптың кеңесшілері ақымақ екеніне сенімдімін. Соғысты бастатуға мәжбүр еткендерді айтып отырмын. Иран Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысының сөздеріне сілтеме жасап айтайын, Иран әзірше АҚШ-пен келіссөз жүргізуге ниет білдірмейді. Бірақ соғыс шексіз жүре алмайды. Халықаралық ұйымның әрекеттерін бақылау қажет", – деп қосты ол. 

Айта кетейік, бұған дейін 2026 жылы 28 ақпанда Израиль мен АҚШ Иран астанасына соққы жасады. Жауап ретінде Иран Таяу Шығыс өңіріндегі АҚШ базалары мен Израильге зымыран ұшырды. Қақтығыс салдарынан жүздеген адам қаза тауып, елдің жоғарғы басшылығы, оның ішінде аятолла Али Хаменеи де мерт болды. Оның резиденциясы қиратылды. Кейін шиеленіске орай Таяу Шығыс елдерінен рейстер жаппай тоқтатылды.

STAN.KZ
Дүйсенбі, 02 Наурыз, 2026 14:12