Қазақстан қатерлі ісікке қарсы препараттың шешуші кезеңін бастады
Фото: primeminister.kz
Қазақстан ғалымдары қатерлі ісікке қарсы препараттың клиникалық сынақтарының жаңа, шешуші кезеңін бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстандық обырға қарсы препаратты әзірлеуші NU профессоры Дос Сарбасов 2026 жылы клиникалық сынақтардың жаңа, шешуші кезеңіне көшетінін жариялады. Бұл кезең ең агрессивті және қатерлі саналатын KRAS-мутациялы ісіктерімен күресте препараттың тиімділігін дәлелдеуі керек. Жануарларға жасалған клиникаға дейінгі сәтті зерттеулерден кейін құрама препараттың екінші компонентінің жаңа, адам ағзасы ең бір шегінде көтере алатын көбіректеу дозасын қолдануға рұқсат алынды, ол анағұрлым тиімді болады деп болжанып отыр.
"Біз бұл препаратты стандартты химиялық терапияның алдында қолданамыз деген ең маңызды шешімге келдік. Бұған дейін оны пациенттер физикалық тұрғыдан әлсіреген кезде, яғни стандартты химиялық терапияның бірнеше кезеңінен кейін қолданатын едік. Жаңа тәсіл арқылы препараттың ісіктер мен метастаздарға тікелей әсерін, сондай-ақ препаратты адам ағзасының қаншалықты көтере алатынын анықтай аламыз. Бұл – біз үшін стратегиялық шешім, өйткені препараттың тиімділігін анықтаудың ең өз мақсатына сай келетін тәсілі осы", - деді Дос Сарбасов.
Ұлттық ғылыми онкология орталығында әлемдегі жалғыз технология – жасанды интеллект пайдаланылатын сәулелік терапия қолданылады. Жаңа әдістеме емдеу шараларын пациенттің ағзасындағы жеке өзгерістерге күнделікті бейімдеуге мүмкіндік береді, сәулемен атудың дәлдігін едәуір жақсартып, жанама әсер қаупін азайтады. Бұл туралы орталықтың медициналық физика бөлімінің бастығы Қайыргелді Датбаев айтты.
"Емдеу кезінде ісіктердің мөлшері күрт өзгеруі мүмкін, ал қуық немесе ішек сияқты кіші жамбас мүшелері күн сайын көлемін өзгертіп отырады. Оларды бірдей қалыпта ұстап тұру мүмкін емес. Соған сәйкес, біз 2025 жылдың наурызынан бері адаптивті сәулелік терапия тәсілін қолданып келеміз. Бүгінде 80-нен астам науқас ем алды. Нәтижесіне медициналық персонал да, техникалық персонал да өте ризамыз", - деп атап өтті Қайыргелді Датбаев.
Премьер-министр Олжас Бектенов Президент тапсырмасымен салынған Ұлттық ғылыми онкология орталығының жаңа корпусының жарақтандырылу жағдайын тексерді, онда науқастарға жоғары технологиялық ем түрлері ұсынылады.
Медициналық инфрақұрылымды аралау кезінде жасанды интеллект технологияларының енгізілуіне де назар аударылды. Сәулелік және протондық терапияда жасанды интеллектіні қолдану сау тіндерге өте аз әсер ете отырып, жоғары дәлдікпен емдеуге мүмкіндік береді. Ұлттық ғылыми онкология орталығында ЖИ технологияларына негізделген EDGE және ETHOS жүйелерін қоса алғанда, Varian желілік үдеткіштері бар 7 радиациялық онкология бункері жұмыс істейді.
Олжас Бектенов Денсаулық сақтау министрлігіне еліміздің барлық өңірден келген онкопациенттерге озық емдеу әдістерінің барынша қолжетімді болуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ Қазақстанда ядролық медицинаны одан әрі дамыту үшін қажетті жағдай жасауды тапсырды.
"Үш сағат істейтінді бізде он минутта бітіреді": Германиядағы қазақ дәрігері сүндеттеу ісінде Қазақстан қалай алға кеткенін айтып берді