Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан Италиядағы қысқы Олимпиада ойындарынан жүлде ала ма?

ИталияФото:ҰОК

6 ақпанда Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалаларында қысқы Олимпиада ойындарының жалауы көтеріледі. Төрт жылдықтың басты додасында Қазақстан құрамасы 10 спорт түрінен 36 спортшымен ел намысын қорғайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстан қысқы Олимпиада ойындары тарихында әзірге 8 жүлдені қанағат тұтып отыр. Соның біреуі ғана алтын. Бұл алтынды шаңғышы Владимир Смирнов иеленген.

Смирнов – Қазақстан тарихындағы тұңғыш әрі әзірге жалғыз қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы. Ол 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен Олимпиадада 1 алтын, 2 күміс медаль жеңіп алды. Сол ойындардың қорытындысы бойынша Қазақстан жалпыкомандалық есепте 12-орынға табан тіреді. Ол кезде ел атынан 29 спортшы қатысқан.

1998 жылы Наганода өткен Олимпиадаға Қазақстан 60 спортшыны апарды. Нәтижесінде екі қола медаль еншіленді. Конькимен жүгіруден Людмила Прокашева, шаңғы жарысынан Владимир Смирнов жүлдегер атанды. Жалпы есепте Қазақстан 20-орынға тұрақтады.

2002 жылы Солт-Лейк-Ситиде ел намысын 52 спортшы қорғады. Алайда бұл Олимпиадада қазақстандықтар жүлдеге іліге алмады. Дәл осындай жағдай 2006 жылы Туринде де қайталанды. Италияға барған 55 спортшы елге жүлдесіз оралды.

2010 жылғы Ванкувер Олимпиадасы Қазақстан бір күміс жүлдені місе көрді. Биатлоннан 15 шақырымға өткен жарыста Елена Хрусталёва күміс жүлде иеленді. Бұл додада ұлттық құрама 37 спортшыны апарып, жалпы есепте 25-орынға жайғасты.

2014 жылы Сочиде өткен Олимпиадада Қазақстан атынан 51 спортшы бақ сынап, бір қола медаль еншіледі. Мәнерлеп сырғанаудан марқұм Денис Тен тарихи жүлдеге қол жеткізді. Ел құрамасы жалпы есепте 26-орыннан көрінді.

2018 жылы Пхёнчхандағы қысқы Олимпиадаға 44 спортшы қатысты. Бұл жолы да Қазақстан қоржынына бір ғана жүлде түсті. Фристайл-могулдан Юлия Галышева қола медаль иеленді.

2022 жылы Бейжіңде өткен Олимпиадада Қазақстан атынан 34 спортшы өнер көрсетті. Алайда бұл жолы жүлде бұйырмады. Шорт-тректен Абзал Әжғалиев жекелей сында финалға шығып, мадальға қол созым жерде сүрінді. Ал аралас командалық эстафетада құрама үздік бестікке енді.

Енді 6 – 22 ақпан аралығында өтетін Милан – Кортина Олимпиадасында қазақстандық жанкүйерлер ұлттық құрамадан тарихи жүлде күтеді. Бұл үміт ақтала ма, оны уақыт көрсетеді.

Ақерке Өмірхан
Бейсенбі, 05 Ақпан, 2026 17:24