Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстау әкімдігі Бозжырада салынатын қонақүй "экологиялық таза" болады деп сендірді

Фото: Видеодан скрин

Маңғыстау облысының әкімдігі Бозжырада құрылыс бастағалы жатқан Эмин Агаларовтың жобасына қатысті пікір білдірді. Шетелдік азамат салғалы жатқан қонақүй экологиялық жағынан тиянақты ұйымдастырылатыны айтылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әзірбайжандық әнші әрі миллионердің ұлы Эмин Ағаларов жақында қонақүй құрылысын бастау үшін Бозжыраны зерттеп жатқанын айтқан еді. Қазақстандықтар бұл жазбаны көріп ашуға мінді. Олар Бозжырада салынғалы тұрған құрылыс табиғатқа және мәдени құндылыққа зиянын тигізетінін айтып, дабыл қақты. 

Маңғыстау облысының туризм басқармасы сол кезде Agalarov Development компаниясының директоры өзінің іскерлік делегациясымен келгенін хабарлады. Сапар кезінде туристік инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға болатын әлеуетті орындарды аудан әкімдігінің өзі ұсынған. Нәтижесінде, Агаларов өңірдің туристік инфрақұрылымын дамытуға қызығушылық танытқан. 

“Айтарлықтай рекрациялық әлеуетке ие "Кендерлі" курорттық аймағын дамытуға арналған мастер-жоспар әзірлеу бастамасы алдын ала талқыланып жатыр", – деп мәлімдеді баспасөз қызметі.

Туризм басқармасы Бозжырада салынатын нысанның "табиғи ландшафтпен үйлесімді түрде тұрғызылатынын" және қонақүйдің экологиялық тұрғыда тиянақты ұйымдастырылатынын айтты.

"Мастер-жоспарларды әзірлеу кезінде қоршаған ортаны қорғау, адам әсерін барынша азайту, сондай-ақ жергілікті халықтың, салалық сарапшылардың, экологтар мен ғылыми қауымдастық өкілдерінің пікірін ескеру басты назарда болады", – делінген хабарламада.

Қазір жоба тек талқыланып жатыр. Сондай-ақ әнші Эмин Агаларов көршілес Өзбекстанда салынғалы жатқан құрылысқа қатысты сынға да жауап берді. Оның айтуынша, Agalarov Development компаниясы экология мәселесіне ерекше назар аударатынын және компания Ташкент маңындағы Чарвак су қоймасының табиғи ландшафын сақтап қалуға ниетті екенін жеткізді.

Еске салайық, әзірбайжандық әнші, миллиардердің ұлы Эмин Агаларов Маңғыстау өңірін өзінің жаңа құрылыс жобасы үшін қарастырып жатқаны туралы жазған едік. Алайда қазақстандықтар кәсіпкердің бұл идеясына қарсы шықты. 

STAN.KZ
Жұма, 13 Маусым, 2025 12:24
Талқылау