Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан Chevron компаниясымен Теңіз кен орны бойынша келіссөздерді бастады

Фото: tengizchevroil.com

Қазақстан билігі америкалық Chevron компаниясымен 2033 жылы мерзімі аяқталатын Теңіз кен орнын игеру жөніндегі келісімшартты ұзарту бойынша алдын ала келіссөздерді бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі The New York Times басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Басылымның мәліметінше, Chevron компаниясы жұмыс істеген жылдарында Теңіз кен орнын кеңейтуге шамамен 48 миллиард доллар инвестициялаған, бұл жобаның бастапқы бюджетінен 11 миллиард долларға артық. Соның нәтижесінде Теңіз әлемдік тәжірибедегі ең ірі мұнай жобаларының біріне айналды.

Теңіз кен орны Қазақстан үшін де, америкалық компания үшін де стратегиялық маңызға ие. Әртүрлі бағалауларға сәйкес, аталмыш кен орны елдің жалпы ішкі өнімінің 10%-ына дейін қамтамасыз етеді, ал мұнай өндіру көлемі тәулігіне шамамен 1 миллион баррельге жақындаған. Жоба дәстүрлі түрде Астана мен АҚШ арасындағы ұзақ мерзімді энергетикалық әріптестіктің символы ретінде қарастырылады.

Теңіздің болашағына қатысты келіссөздер геосаяси және логистикалық тәуекелдердің күшейген кезеңінде өтіп жатыр. Каспий құбыр консорциумына жасалған дрон шабуылдарынан кейін қазақстандық мұнай экспортына қауіп төнді. Себебі Теңізден өндірілетін мұнайдың негізгі бөлігі дәл осы КҚК арқылы тасымалданады.


Қазақстанның мұнай қоры қанша екені анықталды

КҚК-дегі зақымға байланысты: Қазақстанның Қашаған кен орнынан мұнай бөлігін Қытайға жеткізетіні туралы ақпарат тарады


Мұнай өндірісіне қысым көрсететін қосымша факторлардың бірі – ОПЕК+ аясындағы келіспеушіліктер. Бұл ұйым шеңберінде Қазақстанға белгіленген өндіру квоталарын асырып жібереуіне қатысты ескертулер жасалып келеді.

Сарапшылар Chevron компаниясының Қазақстаннан кетуі өндірістік көрсеткіштерге кері әсер етуі мүмкін екенін ескертеді. Бұл мәселе тек инвестицияларға ғана емес, сонымен қатар басқарушылық және технологиялық сараптамаға да қатысты.

“Қазақстан экономикасының маңызды бір секторының өнімділігінің мәселесі талқылануда”, – дейді S&P Global Commodity Insights компаниясының Еуразиялық энергетика бағытының жетекшісі Мэтью Сэйджерс.

Ал Chevron компаниясының өкілдері, Теңіздің әлеуеті әлі толық игерілмегенін атап өтеді. Компания өндіріс көлемі артып, өңдеу қуатының кеңейтіліп жатқанын мәлімдеді.

“Біз зауыттардың қуатын кен орнының ерекшеліктеріне барынша сай келетіндей етіп арттырдық”, – деді өндіріс жөніндегі менеджер Эндрю О’Коннор.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан инвесторлармен 17 мұнай-газ келісімшартын бұзғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 05 Қаңтар, 2026 20:32