Қазақстан чемпионға 250 мың доллар төлейді: Ал Олимпиадада көш бастаған Норвегия спортшыларға сыйақы бермейді

Италияда өткен ХХV қысқы Олимпиада ойындары өз мәресіне жетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстан атынан 36 спортшы 10 спорт түрінен бақ сынап небәрі бір ғана жүлдені місе тұтты.
Айтулы алтын жүлдені мәнерлеп сырғанаудан Михаил Шайдоров сыйлады. Михаил Шайдоровтың бұл медалі – тарихи маңызы бар жүлде.
Себебі Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері қысқы Олимпиада ойындарынан араға 32 жыл салып екінші алтынына қол жеткізіп отыр.
Михаил Шайдоров бұл алтыны үшін мемлекеттен 250 000 доллар (шамамен 124,5 млн теңге) сыйақы алады.
Қазақстанның заңнамасына сәйкес, спортшылар мен олардың жаттықтырушылары Олимпиададағы жетістіктеріне қарай ақшалай сыйақы алуға құқылы. Сыйақы тек бірінші орыннан алтыншы орынға дейін беріледі.
Қазақстан атынан сынға түскен 36 спортшының ішінен тек екі спортшы қаржылай марапатқа ие болады.
Олар:
• Конькимен жүгіруден 3000 метр қашықтықта алтыншы орын алған Надежда Морозова. Ол алтыншы орын үшін жаттықтырушысымен бірге әрқайсысы 5 000 доллар (шамамен 2,5 млн теңге) алады.
• Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров – бірінші орын үшін 250 000 доллар (шамамен 124,5 млн теңге).
Қызығы, USA today ақпаратына сәйкес, қысқы Олимпиадада 18 алтын, 12 күміс, 11 қола жүлдемен көшбастаған Норвегия спортшыларға ешқандай сыйақы төлемейді.
Елде спортшылар жылына шамамен 16 800 доллар (шамамен 8,4 млн теңге) көлемінде стипендия алып, дайындық пен медициналық қолдау көрсетледі.
Ал АҚШ қысқы Олимпиадада 12 алтын, 12 күміс, 9 қола медальмен екінші орында. АҚШ спортшыларына:
• Алтын медаль үшін 37 500 $ (шамамен 18,75 млн теңге)
• Күміс медаль үшін 22 500 $ (шамамен 11,25 млн теңге)
• Қола медаль үшін 15 000 $ (шамамен 7,5 млн теңге)
сыйақы тағайындаған.
Айта кетейік, заң бойынша мемлекет төлемдерді бір жылға дейін кейінге қалдыруға құқылы. Бұл уақытта спортшылардың барлық допинг-тесттерден өтуі және резервтік қордан қаражат бөлу рәсімдерін аяқтау үшін қажет. Қазір төлемдердің нақты күні белгісіз.
Қазақстандық төреші Олимпиадада ресейлік спортшының балын негізсіз көтеріп, өз елінің спортшыларына төмен ұпай қойған