Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақстан байлығының тең жартысы бар-жоғы 162 адамның қолында": Тоқаев елге төніп тұрған қатер жайында мәлімдеді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың жартысының табысы 50 мың теңгеден аспайтынын, жағдайды шұғыл өзгерту керек екенін мәлімдеді, Stan.kz агенттігі. 

Тоқаев

Тоқаев ұлттық табыс бойынша 2020 жылы бизнес ең жоғары үлеске ие екенін айтты.

"Бірақ біз күткен нәтиже толыққанды шыққан жоқ. Қазір қолымызда не бар? 2020 жылы ұлттық табыстың басым бөлігі - 61,5% бизнеске тиесілі. Салықтың көлемі бар болғаны 7,3%, ал қазақстандықтардың жалақысына 31% жұмсалады. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Мысалы, Ресейде осындай экономика болғанына қарамастан, жалақы 46,7 пайыз болады, яғни бізден 1,5 есе көп. Ұлттық табысты бөлудің айқын теңгерімсіздігі байқалады әрі әділдік жағынан мәселе бар”, – деді Тоқаев. 

Президенттің айтуынша, елімізде белгілі бір элиталық топтар ғана экономикалық өсімнің пайдасын көріп отыр. 

"Біздің елімізде белгілі бір элиталық топтар ғана экономикалық өсімнің пайдасын көріп отыр. Ал халықтың басым бөлігінің табысы төмендеп келеді немесе еш өзгеріссіз қалды. Бұл мемлекетіміздің қауіпсіздігіне төнген үлкен қатер. Бұның бәрі қоғамның экономикалық-әлеуметтік, артынан саяси жағынан қақ бөлінуіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Осындай дағдарыстың алғашқы белгілері көріне бастады.

Халықаралық сарапшылар, атап айтқанда, KPMG Қазақстан байлығының тең жартысына бар-жоғы 162 адам иелік етеді деп мәлімдеді. Сонымен қатар халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды немесе жылына 1300 доллардан сәл ғана асады. Мұндай ақшаға өмір сүру мүмкін емес. Тез арада жағдайды өзгерту керек және көп нәрсе сіздерге байланысты, құрметті кәсіпкерлер", – деп мәлімдеді ол.

Мемлекет басшысының айтуынша, тәуелсіздік алғалы бері бизнес үшін барынша қолайлы жағдайлар жасалды. Мемлекет кәсіпкерлік ортаны дамытуға күш салды. Салықтық жеңілдіктер мен қаржылай көмек те көрсетілді. Осылайша, экономикалық модель бойынша бизнес дамыса, жұмыс орындары ашылады, адамдардың табысы артады деген сенім болған.
 

Талқылау