"Метрода тегін жүруге, қолма-қол ақша етіп шығарып алуға болады": 2025 жылы қазақстандық банктер қандай кэшбектер мен бонустар ұсынады?
Күнделікті шығындарды, соның ішінде коммуналдық төлемдер, интернет ақысы, супермаркеттен азық-түлік алу немесе сауда орталығындағы шопингті банк карталары мен мобильді қосымшалар арқылы төлуге дағдыланып қалдық. Ал осындай әрбір төлемнен ақшаның бір бөлігін қайтарып алуға болатынын білесіз бе? Бүгін қазақстандық банктер ұсынатын кэшбэктер мен бонустарға шолу жасаймыз.
Иллюстрация: Stan.kz
Кэшбек пен бонустың айырмашылығы неде?
Кешбэк – клиенттің банк картасы арқылы жасаған сауда ақысынан қайтарылып берілетін белгілі бір мөлшердегі сыйақы. Мұнда клиент қайтарылған соманы қолма-қол ақша ретінде шығарып ала алады немесе оны басқа сауда үшін қолдана алады.
Бонус – клиенттің сауда жасағаннан кейін мобильді қосымшада жиналған сыйақысы. Дегенмен адам бонусты картасынан қолма-қол ақша етіп шығара алмайды. Оны тек мобильді қосымша ішіндегі сауда үшін пайдалана алады.
Дегенмен қазір әр банк кэшбек пен бонусты қолма-қол ақша етіп беріп-бермейтінін өзі шешеді.
Автобус және метро арқылы тегін қатынауға мүмкіндік беретін бонус
Алматы тұрғындары метро арқылы тегін қатынай алады. Ол үшін Halyk қосымшасынан Face Pay-ді қосу керек. Face Pay – бұл бет-әлпетті танудың биометрия технологиясы. Соны қосқаннан кейін, метродағы турникеттен бет-әлпетіңізді сканерлеп өтесіз. Жолақысы, яғни 120 теңге Halyk картаңыздан алынады. Бірақ бірден оның 100%-ы, яғни 120 теңге қайтадан бонус болып түседі. Ол бонустар шотына аударылады. Оны қосымша арқылы төлемдерді төлеу үшін қолдануға болады. Бірақ адам айына көп дегенде 3000 бонус жинай алады.
Дәл осылай Алматыда, Талдықорғанда, Қарағандыда, Балқашта, Шахтинскте, Абайда, Теміртауда, Саранда және Көкшетауда автобус арқылы қатынайтындар Halyk қосымшасы арқылы көлік картасын толтырса, басқа аймақ тұрғындары жол жүру құнын Halyk QR-мен төлесе, төлемнің 100%-ы бонус болып қайтарылады. Бір адам айына кем дегенде 1000 бонус жинай алады. Бұл науқан 2025 жылғы 31 наурызға дейін болады.
Қолма-қол ақшаға ауыстыруға болатын бонус
Кейбір банктің берген кэшбегі мен бонусын сол банктың қосымшасында сауда жасап қана жұмсауға болады. Ал енді біреулері бонусты қолма-қол ақшаға ауыстыруға мүмкіндік береді. Мәселен, Freedom Bank-тың бонустарын, кэшбектерін теңгеге айналдырып, шығарып алуға болады. Оған қоса Home Credit Bank картасын қолдансаңыз да, бонусты ақшаға айналдыра аласыз. Онда 1 бонус 1 теңгеге тең. ЦентрКредит Банкінің де кэшбегі арнайы шотқа жинақталады. Жиналған сома 2000 теңгеден асқан соң, адам оны өзінің картасынан ақша ретінде шығарып ала алады. Жиналған кэшбекті әр клиент өз ыңғайына қарай, қолма-қол ақша ретінде де, мобильді қосымшада немесе карта арқылы жұмсай алады. ЦентрКредит Банкіне жиналған кэшбекті бір жыл ішінде, ал HCB-ның сыйақысын 18 айда жұмсау керек.
Азық-түлік алғаның үшін кім көбірек кэшбек береді?
Кем дегенде аптасына бір рет азық-түлік аламыз. Қазір азық-түлік үшін базарға не супермаркетке барып жүрудің қажеті жоқ, онлайн тапсырыс беруге болады. Көп қосымшада сатып алатын тауарыңыздың құны 3000 немесе 5000 теңгеден асса, тегін жеткізіп береді. Оған қоса, кэшбек ұсынады. Мәселен, қазір ең тиімдісі – Freedoom SuperApp-тағы Arbuz.kz дүкенінен азық-түлік сатып алу. Себебі 17% кэшбек береді. Осылай, ол жерден әртүрлі төлем жасап, жалпы 300 000 теңгеге дейін кэшбек жинауға болады. Оны қолма-қол ақша ретінде шығарып алуға мүмкіндік бар.
Коммуналдық төлем, жанармай ақысын төлеуге тиімді бонус
Home Credit Lite картасын іске қосқаннан кейін алғашқы үш ай халық тұтынатын тауарлардың, жанармай құю станциясының және коммуналдық қызметтің ақысын төлесеңіз, 10% кэшбек беріледі. 90 күннен кейін сол категоряиларға – 5%. Ал ЦентрКредит Банкі мобильді банкинг арқылы ұялы байланыс, коммуналдық төлем, интернет, балабақша және қоғамдық көлік ақысының 1%-ын кешбэк ретінде қайтарады. Jusan Mobile арқылы телефон нөміріңіздің бірлігін толтырсаңыз, 15%-ға дейін бонус береді.
Санат бойынша берілетін бонустар
Кейбір банкте бірнеше санатты ғана таңдап, сол бойынша көбірек бонус алуға болады. Бұл бір қызмет түрін жиі қолданатындар үшін тиімді. Мәселен, бір адам күнде такси арқылы қатынаса, таңертең кофе сатып алып ішсе, осыған сай келетін санатты таңдап алуына болады. Сонда оның әр жолақысынан немесе кофе құнынан картасына көбірек бонус түседі. Әдетте банктер 10-15 түрлі санат түрін ұсынады. Олар ай сайын жаңарып тұрады және оны ай сайын қалауыңызға қарай өзгертуіңізге болады. Мысалы, ЦентрКредит Банкінің #bccpay картасы бойынша клиенттер 2 кешбэк категориясын таңдап, әр сауда жасаған сайын 15%-ға дейін кэшбек ала алады. Ал #картакарта арқылы 3 категорияны таңдап, 10%-ға дейін кэшбек алуға болады. Дәл осы жүйе Forte Bank-те, Jusan Bank-те (15%-ға дейін), HCB-да да бар.
Басқа дүкеннің бонусына алмастыруға болатын бонустар
Кейбір бонусты басқа дүкеннің бонусына алмастыруға болады. Мәселен, Halyk картасының иелері жиналып қалған бонусын Alser, Sulpak дүкендерінің бонусы ете алады. Кейін оған сол дүкеннің тауарын сатып ала алады. Оның үстіне, әр ауыстырған бонус үшін Alser – 10%, Sulpak – 30% сыйақы береді.
Жиі саяхайттайдындарға тиімді бонус
Жиі саяхаттайтын адамдарға Forte Bank-тыңTravel картасы тиімді. Адам жай ғана “саяхат” санатын таңдайды. Кейін осы банк картасы арқылы ұшақ билетін алса, қонақүй жалдаса, Duty Free дүкенінен зат сатып алса, турагенттіктердің қызметін алса және автокөлік жалдаса, 5%-ға дейін бонусқа ие болады. ApplePay, SamsungPay, GooglePay және интернет арқылы төлегенде тағы 0,5% бонус беріледі. Оған қоса ұшақ рейсін жайлы залда күту сияқты артықшылықтарды ұсынады.
Мектептегі әр "10 балл” үшін оқушыларға берілетін бонус
Биыл да 5-11 сынып оқушылары үздік оқып, 10 балл алып, бонусқа ие бола алады. Ол үшін оның ата-анасы Halyk Еasy картасын ашып, Kundelik сайты арқылы банкке баланың бағаларын көруге келісім беруі қажет. Бонус баланың картасына түсіп отырады. Оқушы айына 1000 бонус жинай алады. Бірақ тоқсан және бөлім үшін жиынтық бағалау (БЖБ) және тоқсан үшін жиынтық бағалау (ТЖБ) нәтижелері бойынша алынған бағаларға 100 бонус берілмейді. Бұл бонустар күймейді, кейін бала оған сол банк қосымшасында сатылатын, өзіне қажет затты сатып ала алады.
Дүкендерге, кинотеатр билеттеріне, әуебилеті, қонақүй
Forte Bank арқылы сауда жасау, 25%-ға дейін бонустар алуға мүмкіндік береді. Олардың бонустарының мерзімі жоқ — олар күйіп кетпейді. Kino.kz сайтынан киноға билетті Halyk қосымшасы арқылы сатып алсаңыз, 10% бонус аласыз. Ал Jusan картасы бар адам Jusan дүкеннен тауар алса, 25%-ға дейін бонусқа ие болады.
Жиналған бонусты Jusan QR арқылы төлем жасау үшін, JMart-тағы барлық тауарлар мен қызметтерді алу үшін, "Lifestyle" бөліміндегі іс-шараларға билет сатып алу үшін, темір жол, әуе билеттерін алу үшін, коммуналдық төлемдерді өтеу үшін қолдануға болады.
Сондай-ақ қосымша жүктегені үшін де кейбір банктерде кэшбек қарастырылған. Мәселен, Freedom Mobile-да қосымшаның сілтемесін жіберген адамға 1000 теңге кэшбек беріледі. Осылай, оның әр танысы қосымшаны көшірген сайын 1000 кэшбек ала алады. Ал сол таныстары тіркелгеннен кейін 30 күнде 50 мың теңге жұмсаса, сілтеме жіберген адам тағы да 1500 бонус алады. Кейін ол адамның танысы өзінің таныстарына жіберсе және олар оны жүктесе, сілтемені ең алғаш жіберген адамға тағы да 100 бонус түсіп отырады. Осылай, әр адам бес досынан 100 теңгеден ала алады.