Қазақстан Балқашты сақтап қалу үшін Франциядан 1,35 миллион еуро алатын болды
Францияға Қазақстанға Балқаш көлін сақтап қалу үшін 1,35 миллион еуро (741 миллион теңгеге жуық) көлемінде грант бөлетін болды. Француз тарапы көл бассейніне ауқымды зерттеу жүргізіп, су қоймасын консервациялаудың бас жоспарын дайындауға уәде берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: vsegda-pomnim.com
Аталған ақпаратты Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлімдеді.
"Қазақстанның Су ресурстары министрлігі, Францияның Даму агенттігі және Францияның геологиялық және тау-кен зерттеу бюросы (BRGM) үшжақты ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Келісім Балқаш көлінің су ресурстарын басқаруды дамытуға Су ресурстары және ирригация министрлігіне 1,35 миллион еуро көлемінде грант бөлуді қарастырады", – делінген хабарламада.
Француз тарапы көлге зерттеу жүргізген соң, 2040 жылға дейін су бассейнін дамытудың бас жоспарын жасайды. Осылайша олар көлді сақтау шараларын жасамақ.
"Келісім судың жай-күйін өлшеу және талдау, климаттық және антропогендік әсерлерді модельдеу, сондай-ақ 2040 жылға дейінгі су балансын болжауды көздейді. Жобаның мақсаттарының бірі Балқаш көлінің деңгейін тұрақтандыру үшін Қапшағай су қоймасының жұмыс режимін оңтайландыру. Зерттеу нәтижелері бойынша өзендерді тазарту, топырақтың тозуы мен судың ластануын болдырмау, балық шаруашылығы мен экологиялық туризмді дамыту, көлді қорғаудың нормативтік-құқықтық базасын құру бойынша шаралар қабылданады”, – делінген министрлік хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Балқашта салынатын атом электр станциясы көлдің толуына айтарлықтай әсер етпейтінін айтқан еді.