Қазақстан азаматтығын алу кезінде қазақ тілін білуге қойылатын талап жеңілдетілмек
Фото: gov.kz
Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау немесе азаматтығын қалпына келтіру кезінде мемлекеттік тіл мен Конституцияны білу талабын өзгерту ұсынылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ғылым және жоғары білім министрлігі азаматтық алу немесе қалпына келтіру үшін қажет қазақ тілін, Конституцияны және ел тарихын білу көлемін анықтау туралы бұйрыққа түзету әзірледі.
"Ашық НҚА" порталында жарияланған құжат жобасында әрбір пән бойынша ең төменгі шекті балдарды былай реттеу ұсынылған:
- мемлекеттік тіл – 15 балдан кем емес;
- Қазақстан Конституциясы негіздері – 20 балдан кем емес;
- Қазақстан тарихы – 15 балдан кем емес.
Салыстырсақ, қазір азаматтық алу үшін өткізілетін тестілеуде мемлекеттік тілден кемінде 36 балл, ал Конституциядан кемінде 9 балл жинау талап етіледі. Қазақстан тарихынан шекті балл сол күйі қалған.
"Жобаны қабылдау Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға үміткерлерді тестілеудің әрбір пәні бойынша сұрақтар санының максималды тең қатынасын қамтамасыз етуге және шекті деңгейді 10% төмендетуге мүмкіндік береді", – делінген министрлік түсіндірмесінде.
Бұйрық жобасы 25 шілдеге дейін қоғамдық талқылауға шығарылған.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
