Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақстан азаматтары ауыр жарақат алған жоқ": СІМ Ресейде қазақстандықтардың қатысуымен болған төбелеске қатысты түсініктеме берді

Видеодан скриншот

Сыртқы істер министрлігі Ресейдің Усть-Лугадағы уақытша жұмысшылар лагеріндегі жағдайға қатысты толығырақ түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әлеуметтік желілерде Ресейдің Ленинград облысында болған жанжалдың видеоcы тарады. Видео авторының жазуынша, жаппай төбелеске Қазақстан азаматтары да қатысқан. Қазақстандық дипломаттар онда "тұрмыстық жанжал" болғанын мәлімдеп, қатысушылар арасында Қазақстан азаматтарының болғанын растады.

Қақтығысқа қатысқандар ұсталды. Тергеу шаралары жалғасып жатыр.

"Қолда бар ақпаратқа сәйкес, ешбір Қазақстан азаматы ауыр жарақат алған жоқ немесе ауруханаға жатқызуды қажет етпейді. Жергілікті жағдай тұрақты және құзыретті органдардың бақылауында", – делінген хабарламада.

Санкт-Петербургтегі Қазақстан бас консулдығының қызметкерлері Ресей билігінің өкілдерімен үнемі байланыста.

Бас консул қазақстандық азаматтарға қажетті консулдық және құқықтық қолдау көрсету және барлық мән-жайларды анықтау үшін оқиға орнына барды.

Ресей ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, 31 адам полиция бөлімшесіне жеткізілді, оның 16-сына әкімшілік құқық бұзушылық бойынша айып тағылды. Олардың үйлерін тінту кезінде 29 пышақ пен ұялы телефон тәркіленді.

"Бұзақылық" және "Мүлікті қасақана жою" баптары бойынша қылмыстық істер қозғалды.

Еске салсақ, Ресейде қазақстандықтардың қатысуымен жаппай төбелес болып, оларды полиция алып кеткені айтылды.

Қырмызы Скендирова
Сенбі, 28 Наурыз, 2026 11:00