Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан азаматы Қырғызстанда "синтетика" таратты деген күдікпен ұсталды

синтетика сатқан ер адам ұсталдыФото: Қырғызстан ҰҚМ

Қырғызстанда Қазақстан Республикасының азаматы синтетикалық есірткі таратты деген күдікпен ұсталды. Одан жалпы салмағы 5 келі болатын "Альфа-ПВП" есірткі заты тәркіленген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қырғыз Республикасының ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің мәліметіне сенсек, Қырғызстанда 8 ақпанда Қазақстан Республикасының азаматы ұсталды. Одан 5 келі "Альфа-ПВП" атты синтетикалық есірткі заты табылған.

"Қырғыз Республикасының Қылмыстық кодексінің 282-бабы 3-бөлігі бойынша көзделген қылмыс белгілері аясында жүргізілген сотқа дейінгі іс жүргізу барысында Қырғызстан аумағына синтетикалық есірткі жеткізу арнасының жолы кесілген. 2026 жылғы 8 ақпанда жүргізілген жедел-тергеу шаралары нәтижесінде Қазақстан Республикасының азаматы жалпы салмағы 5 келі болатын “Альфа-ПВП” синтетикалық есірткісімен ұсталды", – делінген хабарламада.

Күдікті Қырғыз Республикасының ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің тергеу изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта есірткі жеткізу арнасын ұйымдастырушыларды анықтауға бағытталған тергеу амалдары жалғасып жатыр.



Еске салайық, бұған дейін Қарағандыда "StroyKz09" лақап атымен белгілі онлайн-дүкенге жұмыс істеген күдіктілер ұсталса, бір күн бұрын Астанада полицейлер 3 келіге жуық марихуананы жоюға әрекеттенген азаматты қолға түсірген еді. Құқық қорғау органдары синтетикалық және өсімдік тектес есірткілердің заңсыз айналымын анықтау бағытындағы жұмыстарды жалғастырып жатыр.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 10 Ақпан, 2026 16:45