Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақстан әлі Ресейдің губерниясы секілді…": Қазыбек Иса қазақ билігінің орыс тілінде сөйлейтінін сынады

Депутат Қазыбек Иса Қазақстандағы Ресей елшісі Алексей Бородавкиннің мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді. Сонымен қоса ол елшінің сөзінде ащы шындық бар екенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бұған дейін Ресейдің Қазақстандағы өкілетті елшісі Қазақстанда орыс тілінің мәртебесін ешкім өзгерте алмайтыны туралы айтқан

"Мемлекеттегі саясатты айтар болсақ, мұнда әр қазақстандық екі аяғымен нық тұруы керек деп есептейді. Оның бірі қазақ тілі, екіншісі орыс тілі. Мемлекеттік тіл қазақ тілі болса, Конституциямен белгіленген екінші ресми тіл – орыс тілі. Мұны ешкім өзгертпейді", - деген еді Бородавкин.

Елшінің сөзіне жауап берген Қазыбек Иса Сыртқы істер министрлігінің бұған қалай жауап беретінін сұраған. 

"Тәуелсіз Қазақ Елі азаматтарының қай тілде сөйлеуін нұсқап көрсететіндей билікті Ресей елшісіне кім беріп отыр? Тәуелсіз қазақ елінің қай тілде сөйлеуі керектігінде Ресей елшісінің не шаруасы бар? Сыртқы істер министрлігі сырт қала бере ме, бұған қандай қайрат көрсетеді?", - деп жазды депутат өзінің Facebook парақшасында.



"Біздің Ресейдегі кешегі-бүгінгісі бар, елшілеріміздің  қайсысы болса да, “Бір миллионға жуық қазақ тұратын Ресейде неге бір қазақ мектебі жоқ?! - деп айта ала ма?" - деген ол тек Иманғали Тасмағамбетовтың елші кезінде Ресейде қазақ тілінде сөйлегенін еске алған.

"Бұл елші А.Бородавкин 2018 жылы да: “Ел басшылығы орыс тілінде сөйлейді, тек өз араларында ғана емес, Қазақстан халқына үндеу жасаған кезде де", - деп, астамси жауап берген болатын “Россия 24" телеарнасына берген сұқбатында. Бір жағынан Ресей елшісі ащы шындықты,  Қазақ билігінің Ресей тілінде сөйлейтінін ашық айтып отыр.

Жалпы, Ресей елшісінің бұдан төрт жыл бұрынғы да, кешегі де сөзіне қарасаң, Тәуелсіздік алғанына 31 жыл толып отырған Қазақстан әлі Ресейдің губерниясы секілді…", - дейді Қазыбек Иса.

Талқылау