Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақшасөйлешниктер": Қоғам белсендісінің желіде қазақ тіліне қатысты айтқан сөзі сынға қалды

Фото: Ержан Есімхан Іnstagram желісінен

Желіде Ержан Есімхан есімді қоғам белсендісінің қазақ тіліне қатысты айтқан пікірі сынға қалды. Ол қазақ тілін талап ететіндерді “қазақшасойлешниктер” деп атаған. Жұртшылық бұл жазбаға ренжіп, оның айтқан пікірлеріне қарсы шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Желі белсендісі жазбасында Арум Натзорханг есімді мәтіндерді ежелгі тілге аударатын жігіт туралы жазған. Ол жігіттің аудармалары астында грек халқының өзара таласқанын айтып, “біздің “қазақшасойлешниктер” қайда?” деп жазған. 

Бұл пікірден соң көпшілік жазба астына неліктен қазақ тілін талап ететіндерді бұлай атағанына наразылық танытты. 

“Бұл жерде біздің “қазақшасойлешниктердің” не қатысы бар? Өз елімізде өз тілімізде сөйлеуді сұрағанымыз үшін бір жынды болдық қой!”,

“Егер сен әлі күнге дейін бұл жай тіл мәселесі емес, тілге байланысты жүйелі кемсітушілік екенін түсінбесең, онда екі ғана түрге бөлінесің. Не сен жанашырлығы жоқ адамсың, не сен – осы жүйеден пайда көріп отырған, артықшылықтарға ие адамсың, яғни орысқұлданған қазақсың. Орысқұлданған қазақ өз еліңде өз тіліңде сөйлегенің үшін аз жалақы алу, ақпарат құралдарында көрінбеу, жұмысқа тұра алмау, академияда немесе бизнесте еш мүмкіндігің болмау сияқты дүниелердің қандай ауыр екенін ешқашан түсінбейді”, – деп жазды желі қолданушысы. 

Фото: Желі жазбаларынан скрин

Алайда Ержан Есімхан өзіне қарсы осы сарындағы пікір айтқандардың бәрін бұғаттап тастаған. 

“Қазір мені "қазақ тіліне құрметсіздік көрсетті" деп айыптап, "қоғамнан шеттету керек" дегенді байыппен айтып жүргендер бар екен. Әсіресе, Threads-та қолданған "Қазақшасөйлешниктер" деген тіркеске наразы.

Иә, бұл сәтсіз, орынсыз сөз болған шығар. Біз бәріміз – адамбыз, қателесеміз. Бірақ мен не айтпақ болғанымды түсіндіргім келеді. Қазақ тілін үйренуге жылы, сыпайы түрде үндеу жасап, көмектесуге болады. Немесе бұрышқа тығып, ұрысып "Қазақша сөйле!" деп айқайлайтындар бар. Мен өз сөзімде дәл екінші топтағы адамдарды айтқан едім”, – деп жауап берді ол.



Желі белсендісі өзінің қазақ тілін жетік білмейтініне орыс тілді ортада өскенін себеп етті. Айтуынша, қазақ тілін білетіндер еш еңбектенбей-ақ ортасы сондай болғасын сөйлей алады.

“Қазір қазақ тілін аптасына екі рет репетитормен оқып жүрмін, фильмдер көремін, кітаптар оқуға тырысамын. Кейін міндетті түрде сөйлеймін.

Ал енді маған "неге білмейсің" деп сын айтқысы келетіндерге бір ғана сұрағым бар: Қазақ тілін бала кезден білесің бе әлде мен сияқты ересек кезде үйреніп жатырсың ба? Егер бала кезден білсең, бұл сенің еңбегің емес қой. Жай ғана ортаң сондай болған. Сондықтан қазақ тілін білмейтін, бірақ үйренуге тырысып жүрген адамды өз күшімен нөлден бастап үйренген адам ғана сынай алады. Тіпті мұндай жағдайдың өзінде сынағаннан гөрі, қолдау көрсеткен дұрыс деп ойлаймын.

Маған "патриот емессің", "елге құрметің жоқ" деп айтатын адам мені мүлде танымайтын адам деп есептеймін. Бұл елде 21 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Көптеген жобалар жасадым, қайырымдылық арқылы талай адамға көмектестім. Англияда қалып қоюыма болар еді, бірақ Қазақстанға оралдым. Қазір осында тұрып жатырмын, балаларым өсіп жатыр, олар қазақша өте жақсы сөйлейді”, – деп жауап берді ол. 

STAN.KZ
Жексенбі, 01 Маусым, 2025 13:50
Талқылау