“Қазақша сөйлейтін Диана ханшайым”: Желіде Англияда жүріп қазақ тілінде сөйлеген ару көпті тәнті етті

Желіде Англиядағы саяхатын қазақ тілінде баяндаған орыс қыз Лариса Сатина жұртты тәнті қылды. 30 жастағы Шығыс Қазақстанның тумасының отбасында ешкім қазақша сөйлемесе де, орыс сыныбында оқығанына қарамастан, тілді еркін меңгеріп алған. Қызығы шетелдіктер бойжеткеннің сырт келбетіне қарап, көбіне өз ұлтының қызы деп ойлайды екен. Ал қазақша сөйлегенін естігенде көпшілік қатты таңданып, қызығушылық танытады. Stan.kz тілшісі тілімен жұртты тамсандырған арумен сұхбаттасып көрді.
Лариса Шығыс Қазақстан облысының Мақаншы ауылында дүниеге келген. Семейде оқып, қазір Алматыда тұрады.
“Мамандығым суретші, Алматыдағы Жүргенов атындағы академияны бітіргенмін. Осы мамандығым бойынша бірнеше уақыт жұмыс істедім. Кейін кішкентай балаларға сабақ бердім. Оқытумен 3 жылдай айналыстым. Ал қазір 3-4 айға Өскеменге демалысқа келдім”, – деді ол.
“Көшіп келген екі қазақ қызымен ойнау үшін тіл үйрендім”
Арудың қазақ тілін алғаш үйренген кезі ерекше есінде қалған.
“Қазақ тілін үйренуімнің тарихы бөлек. Бала кезімнен басталды деп айта аламын. Жалпы отбасымда қазақ тілінде ешкім сөйлемейді. Бәрі көшемізге екі қазақ қызы көшіп келгенде басталды. Ол кезде мен шамамен 5-6 жаста болдым, ал олар менен кіші еді. Оған дейін мен қазақша мүлдем сөйлемедім. Басында сол екі қыз орысша үйреніп кететін шығар деп ойладым. Бірақ керісінше, оларды түсініп, олармен араласу үшін мен барынша тырыстым. Сол екі қыздың арқасында қазақ тілін кәдімгідей үйренгендеймін. Толығымен меңгердім деп айта алмаймын. Бірақ еркін сөйлей аламын. Менің алғашқы ұстаздарым сол көрші қыздар”, – деді бойжеткен.
Лариса орысша тәрбиеленгендіктен меңгеру қиын болмасын деп ата-анасы оны аралас мектепке, орыс сыныбына берген.
“Бірақ сыныптастарым көбіне қазақша сөйлесетінмін. Сөйтіп, көбіне теледидарда қазқша әндер болып жатқанда тыңдап, түсінбеген жерлерімді дәптерге жазып алып, қыздардан сұрайтынмын. Менің ойымша, “осы тіл маған қажет болады” деген ой сол кезде келген сияқты. Қазір де өзімнің әлі толық меңгермегенімді сеземін. Өйткені жаңалықтар көргенде көптеген сөздерді әлі де білмейтінімді түсінемін. Алайда үйде ата-анама аудармашымын. Себебі олар орыс тілінде сөйлейтіндіктен кейде түсінбей менен көмек сұрайды”, – деп қосты ол.
Фото: Ларисаның жеке архивінен
“Ағылшын тілі деңгейім қазақ тіліне қарағанда төменірек”
Қазақстандықтың айтуынша, қандай тілді үйренсең де ең алдымен оны меңгеру үшін сол тілге махаббат болуы керек.
“Себебі ешқашан жайдан жай өзіңді қинап үйрете алмайсың. Мысалы мен ағылшын тілін үйренуді 10 жыл бұрын бастаған едім. Алайда басында қызығушылық болмағасын, енді ғана керек деген мақсатта меңгере бастадым. Сол сияқты егер мақсат болмаса ешбір адам жаңа тілді жай үйрене алмайды.
Тағы бір қызық жайт шетелде жүргенде көбі мені сол жақтың адамы деп ойлайды. Тіпті ағылшындар мені орыс деп емес, ағылшын деп ойлап өз тілдерінде сөйлеп жатады. Ал оларға қазақша жауап бергенімде тіптен таңғалады. Қайталағысы келіп, қызығып жатады. Алайда көбіне тілдері келмейді екен. Олар үшін біздегі “қ”, “ұ”, “ү”, деген әріптер өте қиын. Меніңше, осындай әріптері бар біздің қазақтарға ағылшын тілін үйрену әлдеқайда оңайырақ дер едім. Қазір ағылшын тілі деңгейім қазақ тілінен төменірек. Себебі қазақ тілінен көптеген әдеби сөздерді үйреніп жүрмін. Ал ағылшын тілі салыстырғанда сәл төменірек болып тұр”, – деді ол.
Лариса Англияда шамамен 6 ай уақыт аралығында жұмысқа барған. Жұмыс істеп жүріп бойжеткен Ұлыбританияның бірнеше өңіріне барған. Ал демалыс күндері қазақ тіілінде контентін түсіріп бастаған.
“Қазақша үйренуге 91 тобының өлеңдері көмектесті”
Лариса басында тілді қанша меңгергенімен қоғамда қолдануға жүрексінгенін де жасырмады.
“Басында біліп тұрсам да іштей ұялып қазақша көп сөйлемейтінмін. Бірақ қазір желіге қазақша сөйлеп шығып жүргесін бе, кішкене сенімділік пайда болды. Сол себепті қазір кез келген жерде қазақша еркін сөйлей беремін. Қазақша сөйлегенімді біреу көрсе қызық сезімде болып қалады. Көбі таза сөйлейді екенсің деп таңғалады.
Сонымен қатар қазақшамды жақсартуға маған 91 тобының өлеңдері көп көмектесті. Одан бөлек, Yenlik, Hey Monro, Dudeontheguitar сияқты әншілерді тыңдаймын. Көбіне қазақша, ағылшынша әндер ұнайды. Меніңше Қазақстанда тұрған соң, тілді де білу керек сияқты. Өз мәдениеті, тарихы бар елде тұратын халық тілін де біліп, дамыту керек деп ойлаймын. Меніңше, біздің қазақ тілі өте бай, құлаққа жағымды естілетін тіл. Сол себепті оны дамыту керек”, – деп қосты ол.
Лариса тіл үйренемін деушілерге желі де көп көмек беретінін алға тартты.
“Басында мен қазақша сөйлеп желіге жариялаған кездері жұртшылықтан осынша назар болады деп ойламадым. Қазір көптің қолдауының арқасында қазақ тілінде ұялмай сөйлей беруді үйрендім. Әйтпесе оған дейін іштей сәл ыңғайсызданатынмын. Желі өз өзімді түсінуге, өзімді ашуға бірталай көмектесті. Өзгелерге де “қорықпаңыздар” деген ақыл айтқым келеді”, – деп қорытты ару.
Ларисаның видеоларының астына көптеген желі қолданушылары жылы пікірлер жазған.
“Диана ханшайымға ұқсайсыз”, “Құлаққа жағымды естіледі”, “Тіліңіз балдай”, “Қазақтардан жақсы сөйлейсіз”, “Қазақша сөйлейтін Диана ханшайым”, “Міне керек болса”, “Тап-таза қазақша”, – деп жазды көпшілік.
"Еркектен сезіне алмаған қамқорлықты сезіндім": Қазақстандық әйелдер бостондық некеде қалай өмір сүріп жатыр