Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақша, орысша емес, моңғол тіліне": Моңғолияда географиялық нысандардың атауы қайта өзгертіледі

Моңғолияда атауларды моңғолшаға өзгертіп жатыр

Фото: varandej.livejournal.com

Моңғолияда атаулары қазақ, орыс және басқа тілдердегі бірқатар орындарды моңғол тіліне ауыстыру міндеттеліп жатыр. Үкімет бұл үшін заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Моңғолия Үкіметі 2025 жылғы 24 желтоқсанда өткен отырысында Ұлы мемлекеттік хуралдың (парламенттің) 2003 жылғы №42 қаулысының қосымшасына өзгерістер енгізу туралы қаулы жобасын қолдады. Құжат Баян-Өлгий және Сүхбаатар аймақтарының аумағындағы географиялық атауларды моңғол тілінде бекіту мақсатында оларды өзгерту мен толықтыруды көздейді.

Атап өтілгендей, Моңғолия конституциясында моңғол тілі мемлекеттік ресми тіл ретінде бекітілген. Ал "Моңғол тілі туралы" заң аумақтардың, әкімшілік бірліктердің, көшелердің, нысандардың және заңды тұлғалардың атауларын моңғол тілінде қолдануды міндеттейді. Соған қарамастан, жүргізілген зерттеулер барысында бірқатар географиялық нысандардың бұрын ресми түрде орыс, қазақ, тыва және басқа да тілдерде бекітілгені анықталған. 

2023 жылы Ғылым академиясымен және Тіл саясаты жөніндегі ұлттық кеңеспен бірлесіп кешенді зерттеу жүргізілді. Оның нәтижесінде атаулары моңғол тілінде емес 319 географиялық нысан анықталды. Олар үшін далалық және архивтік зерттеулерге сүйене отырып, дәстүрлі моңғол атаулары қалпына келтірілді. 

Атап айтқанда:

  • Потанин мұздығын ресми түрде "Хүйтэний мөсөн гол" (Хүйтэний мұздығы) деген атау ұсынылды;
  • Жолт тауы – "Ёлт уул";
  • Чихачёв жотасы – "Сийлхэмийн нуруу".

Баян-Өлгий аймағында сондай-ақ көптеген жылдар бойы альпинистер мен туристер пайдаланған, бірақ ресми мәртебесі болмаған 47 географиялық нысан: Моңғол Алтайының таулары, шыңдары мен жота анықталды. Олардың қатарында "Суварга оргил", "Бүргэд оргил", "Наран оргил", "Өлгий оргил", "Хар Ямаат уул" және басқа да атаулар бар.

Сүхбаатар аймағында 2021–2022 жылдары жергілікті бюджет есебінен 13 сумонда географиялық атауларға түгендеу жүргізілді. Нәтижесінде:

  • 1980-жылдардан бері қолданылып келе жатқан, бірақ парламент тарапынан бекітілмеген 940 атау;
  • жаңа зерттеулер барысында тіркелген 1080 дәстүрлі атау;
  • бұрын ресми түрде бекітілген, бірақ орфографиялық және тілдік қателері бар 45 атау анықталды.


Жалпы алғанда, бұрын бекітілген 364 географиялық атауға өзгеріс енгізу және қосымша 2067 атауды ресми түрде бекіту ұсынылады. Билік өкілдері географиялық атаулардың материалдық емес мәдени мұраның бір бөлігі екенін атап өтті. Оларды қорғау ұлттық заңнамада, сондай-ақ Моңғолия 2005 жылы қосылған ЮНЕСКО-ның 2003 жылғы Конвенциясында көзделген.

Қабылданған шаралар тілдік мұраны сақтауға, тарихи атауларды қалпына келтіруге және елдің ресми топонимикасында моңғол тілінің қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Айта кетейік, Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында қазақтар халықтың басым көпшілігін 90%-дан астамын (шамамен 90,4–94%) құрайды. Бұл өңір моңғол қазақтарының орталығы болып саналады. 2020–2024 жылдардағы деректер бойынша, Моңғолиядағы қазақтардың жалпы саны 100 мыңнан асады. Ал олардың негізгі бөлігі Баян-Өлгий аймағында шоғырланған.

STAN.KZ
Сейсенбі, 30 Желтоқсан, 2025 12:21