Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Балаларымыздың құқығы бұзылып жатыр”: Ақтауда ата-аналар орыс тілінде оқытатын сыныптар ашылмағанына наразы

Ақтаулық ата-аналар орыс тілінде оқытатын бастауыш сыныптардың ашылмағанына шағымданды. Қалалық білім бөлімі №31 мектепте орыс тілінде оқытатын бастауыш сыныптар ашылады деп уәде берген. Алайда бүгінге дейін мұндай сыныптар ашылмаған көрінеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Коллаж: Stan.kz 

Жаңа мектеп салынып жатқан кезде оның қазақ және орыс тілдерінде оқытылатыны туралы айтылған. Тиісті ақпаратты білім бөлімі мен оқу орнының өзі Instagram желісінде жариялаған.

Ақтаудағы 17, 19 және 33 ықшамаудандардағы жаңа мектептерге оқуға түсу үшін құжат қабылдау 6 қаңтар күні басталған.

Өткен аптаның соңында ата-аналар білім бөлімі орыс тілінде оқытатын сыныптарды ашамыз деп уәде бергенін айтады. Орыс бөлімі болады деп ойлаған 200 бастауыш сынып оқушысының ата-анасы мектепке құжат тапсырмақ болған. Алайда мектеп құжаттарды қабылдамаған.

Ал мектепте қабылдауға қатысты барлық сұрақ қалалық білім басқармасында қаралып жатқаны туралы хабарлама ілінген.


Ресейде орыс тілін білмейтін мигранттардың балаларына мектептерде оқуға тыйым салынбақ


"Бұл – біздің балаларымыздың құқықтарының бұзылуы. Олардың қазақша оқитындардан қандай айырмашылығы бар? Олардың да осы шағын ауданда тұруға толық құқығы бар. Орыс тілінде оқытатын 1-7 сыныптар арасында ең болмағанда бір сыныптан ұйымдастырсын”, – дейді ата-аналар.

Қалалық білім басқармасында арнайы комиссия құрылып, орыс тілінде оқытатын сыныптарды ашпау туралы шешім шығарған.

Біріншіден, кадр тапшылығы. Екіншіден, мектепте орын жеткіліксіз. Оның сыйымдылығы 900 орындық қана дейді шенеуніктер. Сондай-ақ балаларды мемлекеттік тілде оқуға қабылдауға 1500 өтініш түскен. Осыған байланысты шенеуніктер ешқандай көмек көрсете алмайтынын жеткізді.

Қалада бүгінде білім бөлімінің мәліметінше, 33 мемлекеттік мектеп болса, оның 13-і орыс тілінде оқытады.

Білім бөлімі балама ретінде 17-шағынаудан тұрғындарына 13-шағынаудандағы №17 мектепте және 27-шағынаудандағы №16 мектепте білім алуды ұсынды. Ата-аналар №17 мектепте оқушылар көп екенін айтты. Олар 900 орындық мектепте үш ауысымда 2 мың бала білім алып жатқанын жеткізді. 

Алайда ата-аналар құқықтарын сотта қорғауға дайын. Олар енді білім басқармасының басшылығына жүгінбек.

Еске салсақ, осыған дейін Қазақстан орыс тілін насихаттауға жылына 43 миллион теңге жұмсайтынын жазғанбыз.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 08 Қаңтар, 2025 17:36