"Қазақ тілі сәнде": Астанада "Huawei: Көшбасшылық, корпоративтік мәдениет, ашықтық" кітабының тұсаукесері өтті
20 қарашада Астана қаласында Huawei компаниясы туралы "Huawei: Көшбасшылық, корпоративтік мәдениет, ашықтық" атты кітабы көпшіліктің назарына ұсынылды. Халықаралық Huawei компаниясының даму кезеңдерін сипаттайтын бұл кітап қазақ тіліне аударылып, Steppe&World баспасында басылып шыққан. Сондай-ақ кітаптың таныстырылымында техника мен ақпараттық технологиялар саласында қазақ тілінің дамуына қатысты ашық ойталқы өтті.
Фото: Huawei баспасөз қызметінен
"Huawei: Көшбасшылық, корпоративтік мәдениет, ашықтық" кітабында Huawei компаниясының ақпараттық технологиялар саласында әлемдік көшбасшыға айналуына түрткі болған маңызды шешімдер, компаниядағы ұжымдық мәдениет пен басқару стратегиялары жайлы сөз қозғалады.
Фото: Huawei баспасөз қызметінен
Steppe&World Publishing баспасының негізін қалаушы Раиса Кадер кітапты қазақ тіліне аудару үшін 6 ай қажет болғанын айтады.
"Жоба оңай болған жоқ, себебі кітаптың сапасы мен оқырмандарға беретін ақпараты өте құнды. Аудару кезінде аса қиындықтар туындамады, тек терминдермен жұмыс кезінде аздап күрделі болды. Бұл кітап құрғақ жазылған бизнес кітап емес. Бұл – сторителлинг, ішінде компанияның құрылу кезінде жасалған әр қадамын түсіндіреді. Философиясы мен құндылықтарын баяндайды, басшылар қалай шешім шығарды, соның барлығы баяндалады. Сондай-ақ кітапта қытай халқының еңбекке деген көзқарасы жатыр. Терминдерді аудару кезінде командамен талқылаймыз, қазақ тіліне бейімдеуге келсе, мағынасына қарай аударамыз. Егер келмесе, фонетикасына сәйкес қалдырып кетеміз. Кітап арқылы Huawei-дің қандай үлкен, ауқымды компания екенін, Huawei арқылы Қытайдың қалай дамып жатқанын білесіз", – деп сөз бастады Раиса Кадер.
Спикер ретінде ойталқыға қатысқан мәдениет қайраткері және автор, "Тіл қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай технология жайлы кітаптардың қазақ тіліне аударылуы тілдің әлеуетін арттыруға ықпал ететінін айтады.
"Қазақ тілі технологияның тіліне өте жақын. "Huawei: Көшбасшылық, корпоративтік мәдениет, ашықтық" кітабының аударылуы осыны көрсетеді. Тіпті жасанды интеллект те қазақ тілінде жауап бере алады қазіргі таңда. Қазақстанда қазақ тілінің әлеуетін сенетін жандар жетерлік. Солардың арқасында тіліміз жаңа кезеңге аяқ басты. Енді біз осыған бейінделуіміз керек. Қазақ тілі сәнде, қазақ тілі уақыттың ағымында, қазақ тілінің қолынан бәрі келеді. Осындай ұғымды біз өзіміз мойындап, балалардың бойына сіңіру керек. Қазақстан – өзінің тіл моделін жасап жатқан аз мемлекеттің бірі", – деп түсіндірді Мақпал Жұмабай.
Кітаптың тұсаукесеріне Huawei Technologies Kazakhstan қоғаммен байланыс департаментінің директоры Ша На қатысып, осы тектес жобаларды жүзеге асырудың мән-маңызы жайында сөз етті.
Фото: Huawei баспасөз қызметінен, Ша На
"Huawei: Көшбасшылық, корпоративтік мәдениет, ашықтық" кітабын аударудағы басты мақсат – қазақ тілінің технология саласындағы қолданысын кеңейту. Кітап әзірге сатылымға шықпайды, біз оны жоғарғы оқу орындарына таратып беруді көздеп отырмыз. Бұл – коммерциялық дүние емес. Сонымен қатар біз Huawei компаниясының жасанды интеллект жөнінде үш курсын қазақ тіліне аудардық. Осы жөнінде әлі де талай айта жатармыз", – деді Ша На.
Іс-шараға ғылым және жоғарғы білім министрлігінің өкілі Нұрсұлтан Махатов та қатысып, кітапжайлы ойын бөлісті.
Фото: Huawei баспасөз қызметінен, Нұрсұлтан Махатов
"Бүгінде қазақ тілінде деректерді қалыптастыру мақсатында түрлі жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, жасанды интеллект қазақ тілінде сөйлеуі үшін үлкен деректер қорын қалыптастыру керек. Ал бүгін таныстырылып отырған Huawei секілді компанияның тарихын баяндайтын кітаптардың көбеюі оқырманның қызығушылығын арттырады. Келешекте осы тектес жобалар көптеп жүзеге асырылады деп сенеміз", – дейді Нұрсұлтан Махатов.