Қазақ қызын жар ететін қытайлар саны артуда
Елімізге келіп, тұрақтап қалып жатқан қытайлар саны жылдан-жылға артып жатыр. Олар өз кезегінде қаракөз қарындастармен некелесуге құмар.
Сурет abai.kz
Бұл туралы “Қазақстан Заман” басылымы хабарлайды.
“Ең жанға бататыны, Қытайда 14-15 мың тұрғыны бар қазақ ауылдарында орта есеппен 10 қазақ қызы қытайға тұрмысқа шығады екен. Ал Қазақстанда жүрген 300 мыңдай қытай қазақ қызына үйленгісі келетінін ашық айтып жүр. Бұл мәселенің шешімі, айналып келгенде, ұлттық тәрбиеге келіп тіреледі. Әр отбасы қыздарына шешен халқындай «Өзге ұлттың жігітіне тұрмысқа шығу — ұлттық сатқындық» деп тәрбие беруі керек сияқты. Әйтпесе, өзге ұлттарға оңды-солды үлестіретіндей далада жатқан қыздарымыз жоқ!” – деп жазады мақала авторы.
Автор, біз қазір Қытайдың соғыссыз жаулау саясатын елімізге емін-еркін қолданып жатқанына тым салғырт қарап жүрміз дейді. Оның айтуынша қытай ұлтының өкілдері Қазақстандағы сауда, өнеркәсіп, өндіріс салаларына жыл сайын дендеп кіріп, санын арттырып жатыр.
“Империя дегеніміз — сауда» деген қағида бар. Империалистік пиғылдағы алпауыт мемлекеттер өзге елдерді соғыссыз жаулау үшін сауда-саттықты тиімді пайдалануды көздейді. Бірақ бұлай екен деп, нарықты жауып қоя да алмаймыз. Жауып қойсақ, экономика дамымайды. Қалай болғанда да, біздің халық рухани мықты болуы керек! Әйтпесе, «айдаһар» көршімізге жұтылмау оңай емес”, – дейді ашынған автор.
Соңында журналист бұл ретте бізді аман алып қала алатын дәстүрлі дініміз бен ұлттық идеяға деген беріктік деп қорытындылайды.