Қазақ қызға бөлек отау болатындай қалыңмал берген: Халқымыздың рухани құндылықтары қазір қалай өзгерді

Фото: ЖИ
Қазақ халқының рухани құндылықтары – ғасырлар бойы қалыптасқан моральдық және мәдени дәстүрлер жүйесі. Бұл құндылықтар тек адамдар арасындағы қарым-қатынасты реттеп қана қоймай, қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Уақыт өте келе кейбірі мән-маңызын сақтап қалса, енді бірі жаңа заманға бейімделіп, өзгешеленіп кетеді. Белгілі тарихшы-этнограф Жамбыл Артықбаев Stan.kz редакциясына берген сұхбатында қазақтың қазіргі өміріне сай өзгерген салт-дәстүрлер туралы айтты.
Қазақтар бір-біріне қонақ болып, “сізде менің бөлінбеген еншім бар” деп тегін ауқаттанған
Этнограф Жамбыл Артықбаевтың айтуынша, қазақтың қонақжайлылығы негізінен қазақ этносының өзіне қатысты. Өйткені біздің ата-бабамыздан қалған ереже бар. Оны қазақ “Алаштан қалған “бөлінбеген енші” дейді.
“Біздің арғы бабамыз Алаша ханның үш ұлы болған. Олар – үш жүздың атасы. Хан көзі тірісінде жинаған дүниесі мен мал-мүлкін төртке бөлген. Біреуі өзіне, қалғаны үш ұлына. Өлім сәті жақындағанда балаларын тағы жинап алып, өзіне алып қалған бір бөлігін ұлдарының арасында тағы бөлген. “Сендер даланың халқысыңдар. Егін екпейсіңдер, диқаншылықтарың жоқ. Сол себепті бір-біріңе жолаушылап барғанда қойындарыңа тығып, нан алып жүре алмайсыңдар. Мынау сол қонақ асына, бір-біріңді тегін қонақ қылу үшін бергенім” деп төртінші бөлігін таратады. Соны Алаштан қалған бөлінбеген енші деп айтады. Сөйтіп қазақтар бір-бірінің үйіне барып үй иесіне “сізде менің бөлінбеген еншім бар” деп тегін ауқаттанған. Осыдан кейін, біріне-бірі ақысыз тамақ беру – міндет болып саналған”, – дейді тарихшы.
Тіпті, қазақ жағдайы келсе қонақты үйіне қондырған.
“Ертеде бай адамдар қонақ үй ұстаған. Яғни, бар жабдығын түгендеп киіз үй тігеді. Келген қонақтар соған түседі. Біреудің үйіне барып қона салмайды, ол жорық, соғыс жағдайында болмаса, ыңғайсыз болуы мүмкін. Келіп түскен бір қонақ бала-шағамен бір үйде жатуға көнсе, енді бірі көнбейді. Алайда өзге елден келген адамдардың алдында жалпақтап, оның жағдайын жасамаған. Ол шет жерден келген адам болса, сол елдің басшысы, ақсақалдары оны өздері күтіп, қонақ қылады. Өйткені олар “бөлінбеген еншіге” кірмейді”, – дейді Жамбыл Артықбаев.
Алайда этнограф қазір бұл түсініктің өзгергенін айтты.
“Қазір заң да, заман да өзгерді. Мысалы, солтүстік аймақтарда көбі орыс халқына жақын. Ол жаққа барып “маған біреу қонақасы береді-ау” деп ойласаң аш қаласың. Алматы қаласында да бұл дүние ұмытылған”, – деді этнограф.
Тарихшының бұлай деуіне себеп көп, адамдар жұмыстармен қауырт болады, тіпті қонақ болу үшін үй иелерінің жоспары бар ма, жоқ па, үйде болады ма, болмайды ма соны білу үшін, есіктің алында құр күтіп, қайтып кетпес үшін ескертіп, анықтағаны дұрыс. Енді бір себеп, расымен аймақтық орналасуға байланысты болуы ытимал. Жергілікті тұрғындар мұндай салттың, ұғымның бар-жоғынан хабарсыз болып шығады.
“Жас жұбай әке-шешемен бір шаңырақта тұрмайды, жақын жерден отау тіккен”
Этнограф Жамбыл Артықбаев “кенже бала – қарашаңырақтың иесі” деген жазылмаған ереже туралы айтты. Оның сөзінше, қыз жақ алған қалыңмалына сәйкес жасау жиып, бөлек отау құрған.
“Ертеде қызға құда түсу үшін қалыңмалға 47 жылқы малын төлейді. Қыздың әке-шешесі, туған туысы сол 47 жылқыға татитын жасау әзірлейді. Сол жасаудың ішінде киіз үй болады, қазақ оны отау дейді. Сөйтіп қыз күйеуінің әулетіне өз отауымен, киіз үйімен, дүниесімен барады. Сондықтан ол атасының үйінде тұрмайды, ол мүмкін емес. Ата-енесінің үйінен 100-200 метр қашықтықта өз отауын тігеді. Біраз жыл сол жерде тұрады да, араға уақыт салып атасының жерінен жер алады, малдан енші бөлініп, жеке ауыл болып кетеді. Ал кенже бала болса сол жерде қала береді. Бірақ кейде кенже бала емес, ата-ана басқа баласын таңдап алуы мүмкін. Өйткені ене мен келін үнемі тіл табыса бермейді. Сондықтан бұл қағида әрқашан сақталмаған”, – дейді тарихшы.
Сондай-ақ айтуынша, ескі қарашаңырақ деген де түсінік бар. Ол – баяғы атадан қалған үй. Ондай үйлерге құрмет көрсетіледі, отқа май құю рәсімдері сондай үйлерде жасалады. Ескі қарашаңырақта келіндер төрге шыға қоймайды. Келіндер енесінің көзі кеткенше ошақтан жоғары шықпайды. Қарашаңырақты қазақ қасиетті, ата-анасынан қалған құтты шаңырақ деп есептейді. Жалпы шаңыраққа әйел адам қол тигізбейді. Тек ер адамдар көтерген кезде уығын тігеді. Шаңырақты аяқ астында қалдырып, үстінен аттамаған. Өйткені киесі ұрады деп санаған.
“Ал қазір қазақтар қалада 100 шаршы метрлік, үш бөлмелі пәтерге келін түсіріп, бір бөлмесін жастарға беріп, бірге шаңырақ астында тұрғысы келеді. Бірақ бұрыннан өз дегенін жасап келген әйел өзінше, ал келін өз білгенін жасағысы келеді. Бұл үлкен дауға алып келеді. Қазақтар ғана емес, басқа халықтарда да ене мен келін тұрмақ, анасы мен қызы бір үйде сыйыспайды. Ыдыс-аяқ, киімге байланысты әр түрлі келіспеушіліктер болады. Әйел адам меншікті жақсы көреді. Сондықтан бұрын ата-бабамыз қалыңмал бергенде отауға есеп жасаған. Қазір қыздың ата-анасы қызын ұзатса, пәтерімен бөлек шығаруы керек. Ал күйеу жақ сол пәтердің құнын беру керек. Бөлек отау болса да, ата-енесінің үйіне жақын болуы тиіс. Сол подъезд немесе басқа қабатта болғаны абзал. Бірақ бір үйде тұруға болмайды. Өзбек халқынан да байқауға болады, олар бір аулада тұрса да шаңырақтары бөлек. Бұрын болсын, қазір болсын кез келген әйел өз шаруасын өзі ұстағысы келеді”, – дейді Жамбыл Артықбаев.
Асар – қазақтың өмір салтынан туған дәстүр
“Асар” деген бізге оңтүстіктен келген. Қазақ “асар” деп айта қоймайды. Бірақ ағайын-туыстың ауылы жақын болғандықтан, “сенікі-менікі” деген ұғым жоқ. Бәрі бір-біріне көмектеседі, ол – міндет. Біздің далалық аймақ экстремалды аймаққа жатады. Жазы ыстық, қысы суық. Сондықтан біз жазда солтүстікке, қыста оңтүстікке көшіп-қонып жүргенбіз. Бұл – қозғалыс. Бірақ оның барлығы қауым болып тіршілік жасауды талап етеді. Мысалы, отырықшы халық үлкен дуал, қоршау салып бекіністерде тұра береді. Ал біздің тыныс-тіршілікте біреудің көмегі керек болып қалатын жағдайлар көп болады. Онсыз тіршілік ету мүмкін емес. Асар – осындай өмір салтынан туған дәстүр”, – дейді этнограф.
Айтуынша, қазақ қазір де бір-біріне көмектесіп жатады. Жақын туыстары міндетті түрде көмектесуі керек. Бірақ бұрынғы қоғам мен қазіргі қоғамды салыстыруға келмейтінін жасырмады. Ондағы құндылықтар жүйесі бөлек болған. Қазір бәрін ақшаға тіреп қоятындықтан оның көмекке жатпайтынын айтты.