"Кенже сәбиін бауырына баса алмай кетті": Алматыда Қаңтар оқиғасы кезінде күйеуінен айырылған төрт баланың анасы қазіргі жағдайын айтты
Қаңтар оқиғасының болып өткеніне 5 қаңтарда бір жыл толады. Осы орайда Қаңтар құрбандары жайлы сериялық мақалалар аясында мерт болған құрбандардың жанұяларымен тілдескен едік. Алматыда қаза тапқан Талғат Қашыбековтың жұбайы Тілеумұратова Миясар ұлын әкесіз дүниеге әкелді. Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде ол төртінші ұлына жүкті болған. Қазір Миясар төрт баламен жалғыз қалды. Төрт ұлдың анасы Stan.kz тілшісіне жолдасы жайлы естеліктермен бөлісіп, Қаңтар оқиғасындағы жағдайды айтып берді.
Қашыбеков Талғат 1981 жылы Түркістан облысы Шардара ауданында туған. Ал Миясар – Қарақалпақстанның тумасы. Ерлі-зайыптылардың отау құрғандарына биыл 13 жыл болады. Олар Алматыда жалдамалы пәтерде өмір сүрді.
"Үлкен ұлым он екіде, екінші ұл 4 жарымда, ал үшінші ұлым 3-тен асты, кенжем 4 айлық. Талғат көз жұмғанда, құрсақта екі айлық еді. Ол әкесін көре алмай кетті, ал әкесі оны бауырына баса алмады. Кейін күйеуімнің қарындасы сәбиге Ханбарыс деп ат қойды", – дейді жалғызбасты әйел.
Көп балалы ананың айтуынша, жұбайы такси жүргізушісі болып жұмыс істеген. Көлікті жалға алып, аптасына елу мың төлеп, отбасын асыраған. "Барлық" базарының алдында Шымкенттен келгендерді күтіп алып, қалаға жеткізетін.
4 қаңтар түнде Талғат келіп, қаланың тыныш емес екенін айтқан.
"Жұбайым мені Мая деп атайды. Сол күні келіп, "Мая, "Алматы арена" жақта митинг болып жатыр екен, жағдай тынышталғанша көлік айдамай-ақ қояйын, үйде отырайын" деді. Шу болса да, адамдар өлетін, оқ ататын жағдай болады деп ойламаппыз", – деп еске алды Миясар.
Миясардың айтуынша, күйеуі мейірімді жан болған. Балаларын ерекше жақсы көріп, еркелететін дейді. Қаладағы тәртіпсіздіктер кезінде ол үйде балалармен ойнап жүрген.
- "Ажалынан бір күн бұрын әке болатынын білді": Қаңтарда күйеуінен айырылған алматылық келіншек төрт баласын әкесіз өсіріп жатыр
- "Ұлым бес уақыт намазын оқитын. Террорист ете ме деп қорықтым": Қаңтарда ұлынан айырылған жалғызбасты ана тергеудің қалай жүріп жатқанын айтты
"4 қаңтардан 8 қаңтарға дейін ол үйде болды. Барлығы жабық, жағдайды тек теледидардан біліп отырдық. Талғат жұмыстан келген сайын балаларын қуантып жүретін. Бір кезде ұлдарым еркелеп, "әке, көптен "чипсы" әкелмедің ғой, әкеліп берші" деді. Ол балаларының сөзін тастамай, "жарайды" деп көшеге шықты. "Шықпашы, керек емес" деп ескертіп едім, бірақ ол "мен ешкімді ұрмадым, митингке шықпадым, мас емеспін, маған не деп тиеді? Қазақ қазаққа оқ атпас" деп шығып кетті", – деді төрт баланың анасы.
Миясардың айтуынша, жұбайы пысық болғандықтан, екі тастың арасынан бүтін, дін аман келеді деп сенген. Сол түні күтіп-күтіп, Миясар ұйқыға кетті.
Балаларының әкесі келесі күні де үйге оралмады. Амалы таусылған әйел қоңырау шалып, онымен байланыса алмапты. Қоңырау барып тұрса да, тұтқаны көтермеген. Миясар қайын інісіне хабарласып, күйеуін іздеуді өтінген.
9 қаңтар күні таңертен қайын інісі хабарласқанда, Талғаттың телефонын біреу көтеріп, оның денесі мәйітханада екенін айтты. Тұтқаны көтерген адам "8-9 арасында денесін алып кетпесеңіздер, денесі барлығымен бірге жалпы мәйітханаға жіберіледі" деген. Соны естіген туыстары көлікке мініп, Талғаттың денесін алып кетуге асығады. Өкініштісі, сол кезде жолда жиен қарындасына оқ тиіп, ауыр жарақат алған. Қазір де оның жағдайы мүшкіл.
"Жұбайымның сол жерде көз жұмғанын қайын інімнен естідім. “Карьерная” көшесінде мерт болған екен. Бірақ ол жерде аса бір көтерілістер болмаған. Бізге "қашып бара жатқанда, оқ жаудырды" деп мәлімдеді, бірақ денесіне қарасақ, бір жерден ғана оқ тиген. Арқасына оқ атпаған, тек алдыңғы жағында оқтың ізі тұр", – деді ол.
Миясар бұл жағдайға көп уақыт бойы сене алмай, жұбайының аман оралатынына үміттенгенін айтады. Бұл қаза Қашыбековтердің отбасына ауыр тиді. Айтуынша, уайымнан Миясардың жарты жағы сал болып, жүйке жүйесіне зақым келген. Ал Талғаттың анасы қайғыдан қан жұтып, көп ұзамай ол да жан тапсырды.
"Төрт айлық ұлым әлі ештеңе түсінбейді. Бірақ екі төрт пен үш жастағы балаларым әкелерін іздеп жиі жылайды. Отағасы қаза тапқаннан кейін ұлдарымның мінездері де өзгерді. Ренжіп, "әкем қайда?" деп сұрайды. Суретін құшақтап, жылаған кезде мен де өз-өзімді ұстай алмаймын. Осыны көріп қатты қиналамын", – деп көзіне жас алды жалғызбасты ана.
Асыраушысынан айырылған отбасыға "Қазақстан халқына" қоры "қылмыстық іске қатысы жоқ" деп 7 миллион теңге берген. Сондай-ақ, ана ауыл әкімінің ас беріп, жерлеу рәсіміне көмек бергенін атап өтті. Жаңа жыл қарсаңында екі баласына қысқы күртеше мен жаңа жылдық сыйлықтар ұсынған.
Жұбайының сөзінше, Талғаттың өліміне қатысты қылмыстық іс уақытша қысқартылды.
Емшектегі баламен жесір қалған әйел үй шаруасы, бала тәрбиесі, тұрмыс-тіршілікте қиналып жүргенін айтады. Әрі әйелдің жақындары Қарақалпақстанда, балаларымен жалғыз жалдамалы пәтерде тұрады. Қарасай ауданының әкімі Қашыбековтерге үй беремін деп уәде еткен, бірақ пәтердің нақты қашан берілетіні белгісіз.
Тілеумұратова Миясардың бүгінгі арманы – балаларын аяққа тұрғызу. Ол төрт ұлымен жалдамалы пәтерде жүрмей, жеке баспанасының болғанын қалайды. Бейбіт елде енді мұндай жағдай қайталанбасыншы деп тілегін білдірді.