Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақ халқының басты доминант екенін ұқтыру қажет": Ермұрат Бапи Пенжімдегі оқиғаға түсінік берді

27 қазан күні Алматы облысы Пенжім ауылындағы мектеп ауласында оқушылардың қатысуымен жаппай төбелес орын алған. Сол кездегі полицияның дерегі бойынша, мектеп төңірегіне 30-қа жуық адам жиналып, жанжал шығарған. Кейіннен бұл кикілжіңнің соңы жаппай тәртіпсіздіктерге ұласқан еді. Белгілі оппозиционер журналист Ермұрат Бапи бұл оқиғаға қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

ермурат бапи

Қоғам қайраткерінің айтуынша, мұндай оқиғалардың артында Қазақстанда өмір сүріп жатқан өзге халықтардың ұлтаралық қатынастарын реттеудегі кемшіліктер тұр.

"Бұл айналып келгенде ұлтаралық қатынастарды реттеудегі, оларды дамытудағы жүргізіліп жатқан шаралардың кемшілігінің салдары. Бізде тек декорация түрінде құрылып қойылған Қазақстан халқы Ассамблеясы деген ұйым бар. Негізінде мұндай даулардың алдын алуға, оларды болдырмауға осы ұйым қызмет етуі керек. Ал олар тек биліктің тұрақтылығын көрсетіп тұру үшін ғана қолдан жасақталып қойғандай әсер береді", –  дейді Ермұрат Бапи.

Сонымен қатар ол Қазақстан халқы Ассамблеясын тек әдемі қойылымдар қоюмен ғана шектелмей, халық арасына шығып күрмеленген мәселелермен бетпе бет күресуге үндейді.

"Елімізде көптеген мәдени, өзге ұлттардың татулығын көрсететін қауымдастықтар бар. Өкінішке қарай, олар тек әдемі көйлек киіп, түрлі қойылымдар қоюмен ғана шектеліп қалып отыр. Алайда ұлтаралық достықты, бейбітшілікті сақтау үшін бұл жеткіліксіз. Бұл жағдайлардың алдын алу үшін халық арасына арнайы шығып, осындай мәселелердің тамырын тауып шешуге тырысу қажет", –  деп қосты журналист.

Ермұрат Бапи мұндай жағдайларда қазақ халқының басты доминант екенін көрсету маңызды екенін баса айтады.



"Бұл жердегі басты мәселе - қазақ халқының басты доминант екенін барлық ұлттарға ұқтыру. Соңғы санақ бойынша Қазақстан халқының 85% қазақ екені белгілі болады. Барлығы қазақи тұрғыда дамып келе жатыр. Біз оны қаласақ та, қаламасақ та енді бір 10 жылда бәрі қазақшаға ауады. Билік басына келетін жаңа толқынның ішінде ұлттық идеямен қаруланған, өз ұлтын сүйетін азаматтар болады. Бұл мәселенің арасында ассамблея өкілдері тікелей жүруі қажеттігін былай қойғанда, олар бұл оқиға жөнінде естіген де жоқ. Сондықтан бұл қақтығыстар барысында билік тарапынан қателіктер бар деп ойлаймын", - деді ол.

Журналист мұнымен қатар Панфилов ауданының әкімі Талғат Өмірәлиевтің қазақ-ұйғыр халқымен өткен жиналыста "Шаңыраққа қарап жүру қажет" деген сөзіне түсінік беріп өтті.

"Бұл жерде әкімді кінәлаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Бұл сөз негізі қазақ халқында бұрыннан бар сөз. "Шаңыраққа қарап сөйле" деген тұрғыда қолданылады. Жарайды бұл жерде саяси фигурант ретінде әкімнің аузынан шығатын сөз емес шығар, бірақ орынды жағы да бар. Кез келген ұлттың өкілі Қазақстанға келіп тіл оқыса да, білім алса да шаңыраққа қарап оқиды ғой. Шаңыраққа қараған деген осы", - деп түйіндеді Ермұрат Бапи.

Пенжімдегі жағдай

27 қазан күні Алматы облысы Пенжім ауылындағы мектеп ауласында жаппай төбелес орын алған. Полицияның мәліметінше, мектеп ауласына 30-ға жуық адам жиналып, жанжал шығарған.  

Әлеуметтік желілер қолданушылары арасында төбелес түсірілген суреттер мен видеолар тарап кеткен. Бейнежазбадан жасөспірімдердің тобын, қираған автокөліктер мен ғимараттың сынған терезесін аңғаруға болады.

Полиция департаменті мектеп ауласында жаппай төбелес болғанын растады. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, оған 30-ға жуық адам қатысқан. Бір жасөспірім жарақат алып, ауруханаға жатқызылған.

Дәрігерлердің айтуынша, 2005 жылы туған науқас 27 қазанда Панфилов ауданаралық көпсалалы ауруханаға түскен. Жасөспірім мидың ауыр жарақатын алған, оған екінші не үшінші дәрежелі травматикалық шок диагнозы қойылған. Есін біледі.

"Аталған факті бойынша қылмыстық кодекстің 293-бабының 2-бөлігі ("бір топ адам жасаған бұзақылық") бойынша қылмыстық іс қозғалды", - делінген полиция хабарламасында.

Талқылау