Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақ футболы, Өзбекстаннан қалып қойды ма? — Спорт сарапшылары жауап берді

Фото:Stan.kz

Жуырда Қазақстанның жастар құрамасы Өзбекстан командасынан екі бірдей матчта жеңіліп қалды. Осы оқиғадан кейін өзбекстандық upl.uz/sport/ сайты "қазақ футболы өзбек футболынан артта қалып қойды" деп жаза бастады. Бұл тұжырым қаншалықты орынды? Қазақстанның УЕФА-ға мүше болуы қаншалықты тиімді шешім болды? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын Stan.kz тілшісі елімізге танымал спорт сарапшыларынан сұрап білді.

Қазақстандық спорт сарапшысы Бек Төлеу жастар құрамасының соңғы жылдары сәтсіз өнер көрсетіп жүргенін жоққа шығармайды. Оның айтуынша, дегенмен бұрынғы құрам қазіргі жастардан сенімдірек ойнаған.

“Қазіргі жастар құрамасының деңгейі төмендеп кетті. Буын алмасу процесі дұрыс жүріп жатқан жоқ. Жастарды дайындауда жүйелілік жетіспейді. Бұрынғы құрамалармен салыстырғанда, бүгінгілердің әлеуеті әлсіздеу көрінеді”, – дейді сарапшы.

Сонымен қатар ол жастар арасындағы нәтижелерге қарап, асығыс қорытынды жасаудан сақ болуға шақырды:

“Өзбекстан бізді екі рет жеңді екен деп, бірден “қазақ футболы артта қалды” деуге болмайды. Бұл – бір жас ерекшелігіндегі командалар арасындағы нәтиже ғана. Футболда бұдан да кеңірек контекст керек.”

Танымал спорт журналисі Олжас Байбосынов былай дейді:

"Өзбекстанның негізгі құрамасы әлем чемпионатына жолдама алды, Олимпиада ойындарында бақ сынады. Жастар құрамасы әлем чемпионатына қатысты, тіпті жастар арасында Азия чемпионы атанды. Осы жетістіктердің өзіне қарап-ақ нақты тұжырым жасауға болады".

Ал спорт журналисі Айнат Қабидулла бұл жетістіктердің бір себебін Азиядағы бәсекелестіктің деңгейімен байланыстырады:

“Салыстырмалы түрде Өзбекстанға әлем чемпионатына шығу оңайырақ. Ауғанстан, Қырғызстан, Үндістан секілді құрамалармен бір топқа түсіп қалсаң, оларды жеңу қиын шаруа емес. Жалпы онда бәсекелестік жоғары деңгейде емес. Сондықтан Өзбекстан әлем чемпионатында онсыз да ойнауға тиіс. Ал біздің жағдай мүлдем басқаша. Салыстыруға келмейді. Еуропаның азулы алпауыттарына қарсы төтеп беру өкінішке қарай оңайға соқпай тұр. Сондықтан бұл факторды да ескерген жөн.”

Қазақстан 2002 жылдан бастап Азия футбол конфедерациясынан шығып, Еуропа футбол қауымдастығына УЕФА-ға өтті. Осы шешім туралы пікірлер күні бүгінге дейін сан алуан. Кейбір сарапшылар УЕФА-да бәсекелестік тым жоғары болғандықтан, бұл қадамды “қате болды” деп бағаласа, басым көпшілік керісінше, бұл Қазақстан футболын өркендетуге мүмкіндік берген тарихи шешім дейді.

Осы орайда Олжас Байбосынов өз пікірін ашық білдірді.

 “Қазақстанның УЕФА-ға қосылуы 100% дұрыс шешім болды. Біз әлемнің ең үздік футбол елдерімен ойнап, тәжірибе жинап жатырмыз. Бұл мүлде дауласуға келмейтін шешім. Біз УЕФА-да қалуымыз керек, біз УЕФА-да дамуымыз керек.”

Спорт журналисі Айнат Қабидулла да бұл көзқарасты қолдайды.

“Қазақстан футбол тарихындағы ең ұлы шешім бұл. Уефаға мүше болмасақ кешегі Реал Мадрид Алматыға келмеуші еді. Чемпиондар лигасында өмір бақи ойнай алмай кетуші едік. Салыстырмалы түрде бәрібір Уефа мықты және Еуропа футболы қашанда алда болды. Тәжірибелі клубтармен, тәжірибелі ұлттық құрамалармен ойнағанға не жетсін?! Азияға қайта оралу керек, сонда ғана әлем чемпионатына шығамыз деген дақпырт әңгімені қою керек.”

Кейінгі кезде көпшіліктің назарында жүрген Дастан Сәтпаев пен Абдухадир Хусановты салыстыру да қызу талқылануда. Алайда сарапшылар бұл салыстыруды орынсыз деп санайды.

Дастан Сәтпаев пен Абдухадир Хусановты салыстыру дұрыс емес. Себебі біреуі шабуылшы болса, енді бірі қорғаушы. Сонымен қатар Абдухадир Хусанов қазір Ағылшын Премьер-лигасында ойнайды, ал Дастан әлі ойнаған жоқ. Сондықтан қос футболшыны салыстыру қисынсыз, – дейді сарапшылар.

Авторы: Ақерке Өмірхан

STAN.KZ
Дүйсенбі, 20 Қазан, 2025 17:18