Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақ екенін дәлелдесін": Ауғанстандағы тіл білмейтін Қазақстан азаматтары елге қайта алмай отыр

Ауғанстандағы Қазақстан азаматтары елге келу үшін алдымен Кабулдағы елшілікке баруы керек деген ақпарат ондағы азаматтарды әбігерге салды. Себебі Қазақстанға қайтқысы келгендер елшілікке жеткен соң ғана бері жіберіледі. Ал ауған қазақтары үйден шыға алмай отырғанда жүздеген шақырымдағы Кабулға қалай жетеміз деп алаңдап отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

Ауғанстанда оқ пен оттың ортасында қалған қазақтар елге қайтуы үшін Кабулдегі елшілікке баруы керек. Өйткені басқа жол жоқ. Қазір бірнеше қазақ отбасы отырған Мазари Шарифтен Кабулге жету үшін көлікпен сегіз сағат кетеді екен. Әйелдер жасырынып далаға шыға алмай отырғанда Кабулға қалай жетеміз деп қапалы.

“Менің атым Әбдіқадыр Қадер, Ықыласбайдың баласы Ауғанстанның қазағы Галеноудың қаласында отырмыз. Бір отбасы бар. Қазақстан үкіметі бізге жәрдем берсе біз Қазақстанға кетеміз”, – дейді Ауғанстандағы Қазақстан азаматы Әбдіқадыр Ықыласбай.

Әбіқадыр Қазақстан азаматы. Отбасын көшіріп аламын деп барып соғыстан кері қайта алмай отыр. Ал ауғандағы қазақтар елге жетуі үшін алдымен өздерінің шығу тегін айтып арнайы комиссияның алдынан өтуі керек екенін бүгін естіді.



“Бірақ іс жүзінде олардың ешқандай дәлелдемелері жоқ. Олардың кейбіреулері қазақ тілінде де сөйлей алмайды”, – дейді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров. 

Ауғандағы қазақтарды алаңдатып отырған да осы мәселе. Тіл проблемасы. Мұндағы жастар жағы ана тілдерінде әзер сөйлейді. Ал ересектер қазақ тілін ұмытпаған. Ал алты баланың әкесі Абулқадыр өзімізді болмаса да балаларымызды елге әкетіңіздер деп өтініш жасады.

“Талибан келіп қалды. Бар жағдайлар ауыр болып, әйел-балаларымыз көшеге кете алмай, балаларымыз мәктепке бара алмай тұрыпты. Қазақстан Республикасы, Қазақстан халқынан өтініш бұларды Қазақстан алып барсын”, – дейді ол. 

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадиярдың сауалдарға жауап берер уақыты жоқ сияқты. Кабулден алыстағы қазақтар елшілікке қалай жетеді, не істейді деген сұраққа ресми өкіл "елшілікке телефонмен хабарлассын" дейді. Ал Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігі кешелі бері телефон тұтқасын көтермейді.

Талқылау