Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақ екенімізді дәлелдеу үшін руымызды білген аздық етеді": Ауғанстандағы қандасымыз тарихи Отанына орала алмай жатқанын айтады

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 9 қыркүйекте Ауғанстаннан этникалық қазақтар тарихи Отанына оралды. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Ауғанстанда 200-дей ғана қазақ барын айтқан болатын. Кейінірек "Отандастар қоры" КЕАҚ жанынан құрылған Қандастарды ақпараттық қолдау орталығы 1200-ге жуық Ауғанстанда тұратын қандастардың тізімін әзірлеп, сыртқы істер министрлігіне жинақтап беретіндігін хабарлады. Бірақ БАҚ беттерінде Ауғанстанда тұратын этникалық қазақтардың әлдеқайда көп екендігі жиі айтылуда. Көбісі ана тілдерін ұмытып, Кабулдағы дүрбелең басталғанда кейбір ағайындылар бір-бірінен хабар-ошарсыз кеткен. Stan.kz тілшісі Кабулда тұратын этникалық қазақ Хамидуллаһ Тадашпен бүгінгі Ауғанстанның жай-күйі туралы сұхбаттасты.

– Амансыз ба, Хамидуллаһ мырза! Жалпы Ауған еліне ата-бабаларыңыз қай жылдары қоныс аударған?

–Рақмет, аманбыз! Өзім Ауғанстанның Құндыз облысы, Имам Сайып ауданында 1981 жылы дүниеге келдім. Балалық шағым сонда өтті. Мектепті де, медрессені де сол жерде оқығанмын. Балалық кезімде ауғандар Совет үкіметімен соғысты. Совет әскері елден кеткен соң, ел билігінің өз арасында да соғыстар болды. Балалық шағымыз соғыстарды көрсе де, басқалардан айырмашылығымыз көрініп тұратын. Өзбек халқы аналарын "апа" немесе "еже" десе, біз "шеше" дейміз. Мен осыны шешемнен неге осылай деп сұрасам, ол бізге түбіміз қазақ дейтін. Бала кезімізде көптеген осындай төл сөздеріміз арқылы басқалардан ерекшеленіп тұрдық. Атам жүз, ру туралы айтса, басқа халықтар “Неге ондайсыңдар деп?” күледі екен. Сол кезде бізде қазақтың иісі білінді. 2010 жылы өзімізді қазақ деп танып, руымыздың "Таз" екендігін жиі айттық. Кейін Кіші жүз ішіндегі он екі ата Байұлының біреуінің таз екендігін білдік. Сол кездері бізді қазақ емес, таздар депте атайтын. Неге бұлай десеңіз, Ауғанстанға қазақтарымыз бөлініп-бөлініп келген. Қазақстанды большевиктер жаулағанда көптеген қандастарымыз Ауғанстанға қоныс аударған. Сол кездері түркімен және өзбектермен араласып кеткен. Бірақ ауылдары "Қазақ ауылы" деп сақталған. 

Жасы үлкендер түбіміздің қазақ екендігін біледі. Алайда кейінгі жастарымыздың көбі білмейді. Өйткені кейінгі 20 жылда бәрінің төлқұжатына ұлттарын ауған деп жазды. Бұрындары "пуштун", "өзбек", "тәжік" деп жазып, басқа шағын ұлттарды да жазбаған. Тәлібтер жоқ кезде ауған билігі барлық ұлттарға өз ана тілдерін дамытуға мүмкіндіктер берген. Сол кездері қазақтарда ұлтын дәлелдейтін арнайы құжаттар болды. Оның алдында мұндай құжаттар мүлдем болмаған. 

Біздің аталарымыз Ауғанстанға Тәжікстан арқылы келген. Кейбірі Тәжікстанға қалып қойған. Шешемнің айтуынша, Қазақстанның батысында большевиктермен соғыс кезінде таздықтар көшкен. Ал кейбір ағайындардың Ауғанстаннан Пәкістанға, Түркия және араб елдеріне көшіп кеткендері де бар. Тек біз емес үш жүзден келген ағайындарымыз да көп. Кейбір легі 1931-1933 жылдардағы ашаршылық кезінде келіпті. Кейін қазақтардың жартысы елге оралған. Ашаршылықтан қашқан қазақтардың көбісі елге орала алмады. Себебі елшіліктің талабы қазақ тілін жетік білулерің керек дейді. Дегенмен бұл жақта қазақпыз дегендерді жақтырмай, елмен араластырмай қойған кездері де болыпты. Сол себепті бұрын келген қазақтардың көбіcі ана тілінен айырылып қалды. Ауғанстанда Тахар облысында да қазақ ауылы бар. Сонымен бірге Мазари-Шариф, Құндыз, Саманган облыстарында бір ғана емес, бірнеше қазақ ауылдары бар. Өздерің қазақтармыз деп отыр. Бұрындары ұлтымыз қазақ деп шура (жиын) жасаған. Үкіметке хат жазып, құжаттарымызға қазақ деп жаздырайық деген. 

– Ауғанстанда немен айналысасыздар?

–  Өзім Кабул университетінің тіл және әдебиет факультетінде түрік тілі және әдебиеті бөлімін 2002-2006 жылдары оқыдым. Содан кейін Түркия мемлекетінің Анкара қаласындағы Гази университетінде 2008-2012 жылдары түрік тілінің мамандығы бойынша білім алдым. 2012 жылы Кабул университетіне түрік тілі пәнінен мұғалім болып жұмысқа кірдім. Қазір осы жерде жұмыс істеймін. Ана тілімді жақсы меңгеру үшін Қазақстанға PHD докторлыққа тапсырғанмын. Бірақ маған бағасы қымбат болып Қырғызстандағы Бішкек мемлекеттік университетіне 2020 жылы оқуға түстім. Қазір Қырғыз елінің студентімін. Өзім отбасылымын. Бес балам бар: үш ұл және екі қыз. 

– Тәліптер келгендегі Ауғанстандағы білім жүйесі өзгеріп жатыр ма?

–Тәліптер келгелі бері бізде мектептер мен университеттер жабық. Шетелге қашып кетпеген мұғалімдерді шақырып кездесу жасады. Бізге сабақтың жоспарларын жасаңдар дейді. Қыздар мен ұлдарды ажыратып бір-бірлерінен бөлек оқытамыз деп отыр. Бір сыныпты екіге бөліп оқытудың қаншалықты қолайлы екендігін мен де білмеймін. Білім саласындағы жағдай осы. Мұғалімдерге осындай талаптар қойып жатыр. Бір бөлмеде оқыса, араларын бөлу керек дейді. Бізге айлық бермеді. Тәліптерден бұрынғы еңбекақымызды алғанбыз. Банктерде қаражат жоқ. 

– Қазақ тілін бұрыннан білесіз бе?

–  Қазақ тілін отбасымнан үйренбедім. 2010 жылдан бастап өз бетімше үйрене бастадым. Қазір әдеби түрде жақсы білмеймін. Қазақ тілін үйреніп жатырмыз. Өзімізді қазақ деп тапқан соң, ана тілімді үйренуім керек деп шештім. Қырғызстанға да қырғыз бен қазақ тілінің ұқсастықтары болғаны үшін ғана оқуға түстім. Кез келген тілді сүйсеңіз, үйреніп кетесіз. Қазақтар қайда жүрсе де, өз ана тілдерін білуі керек деп есептеймін. 

– Ауғанстанда азық-түлік жағынан қиындықтар туындап жатқан жоқ па? 

–  Ауған халқы бұрыннан кедей еді. Елде кедейлер өте көп. Дей тұрғанмен ашаршылық сезілмейді. Жеке кәсіптер күннен-күнге азайып бара жатыр. Бұл жақта қыс мезгілі суық. Халық қазіргі жағдайдан емес, биылғы қыстан қорқып отыр. Халықтың қаражаты банктерде. Алайда банктерде мүлдем ақша жоқ.  

– Қазақ тілінде менімен еркін сөйлесіп отырсыз. Қазақстан елшілігіне бардыңыз ба? Олар қандай талаптар қойып жатыр?

– “Отбасыңызбен үйде қазақша сөйлесесіз бе?” деп сұрайды. Бұл негізгі талаптардың бірі екен. Біз үйде қазақша сөйлеспейміз. Бала кезімде де үйде қазақ тілінде сөйлеспегенбіз. Елшілік Қазақстаннан туысқандарыңды табуын керек дейді. 2015 жылы Түркиядағы Қазақстан елшілігінің дипломаттарымен танысып, елге қалай оралсам болады дедім. Сонда олар Facebook әлеуметтік желісіндегі "Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы" парақшасына хабарласып, елдегі өз туысқандарынды тап деген. Мен сонда жазып, руластарымды таптым. Қазірде сол достарым бар. Анкарада оқыған кезімдегі қазақ достарым да бар. Бірақ жақын туысқандарымды таба алмадым. "Тас қала" деген жұрттың аты өзгеріп кетті ме сол жағын біле алмай жүрмін. Түбі Қазақстанның батыс жағынан көшкенімізді білемін. Бір жағынан елшіліктің осы талаптары да орынды. Өйткені,қазақпыз деп жатқан өзге ұлт өкілдері де көп. Бәрі Қазақстанға кеткісі келеді. Кімнің қазақ екендігін ажырату да қиын. Бір кезі Қазақстанға ораламын деп барғанымда, елден туысқандарын шығып олар кепіл болуы керек деген. Бұл жақтағы қазақтар тілін ұмытса да, руларын ұмытпаған. Ал елшілікке руымызды білген аздық етеді. 

– Сұхбаттасқаныңызға көп-көп рақмет! Алдағы уақытта сізді елден көреміз деп үміттенеміз. Отбасыңызбен амандықта болыңыздар!

– Сізге де үлкен рақмет! Сізде аман жүріңіз!

Сұхбаттасқан: Қадірәлі САРЫПБЕК

 

Талқылау
Пікір
Аю
03 Қар, 21 жыл - 22:32

Булар пияз жесе кым кыналы? Басына кун туганда, енды гана отанын еске алган дурыс па? Турлеры де казак емес сиякты гой. Енды Казакстанга, окыметке не окпелеры бар?