Діни басқарманың жаназадағы дастарханға қойылуға тиіс тағамдарды шектеуі дұрыс емес – Этнограф
Фото: ЖИ
Жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ысырапшылдықтың алдын алу үшін жаназа мен құдайы астың арнайы мәзірін бекіткен еді. Мәзірге сәйкес жаназада артық салат, торт, бәліш, жеміс-жидек қоюға болмайды. Осы тұста Stan.kz тілшісі бұл шешімнің қаншалық дұрыс екенін мәдениеттанушы Бердалы Оспаннан сұрады.
Маман дін мен ұлт дәстүрін айыра білу қажет екенін алға тартты, оның сөзінше ҚМДБ мамандарының жаназада ас бергенде дастарханға қойылуға тиіс тағамдардың тізімін жариялап, оны шектеуі дұрыс емес.
“Қазақтың жерлеу салтын тек мұсылман салты деп қарауға болмайды, себебі қазақтардың бәрі мұсылман емес. Дін мен ұлт дәстүрін айыра білу қажет. Жақында ҚМДБ жаназада ас бергенде дастарханға қойылуға тиіс тағамдардың тізімін жариялап, оны толық толтырмауға кеңес берген. Мүфтият – діннің өкілі, бірақ дін бізге сырттан келген, ал қазақтың өз салт-дәстүрі басқаша. Сондықтан дастарханда қанша ет, бауырсақ, самса, қымыз немесе қымыран болатынын марқұмның отбасы ғана шеше алады”, – дейді ол.
Ол адам қайтқанда дастархан жайылуы маңызды дәстүр екенін айтты.
“Қонақтар дастархан басында тамақтанып, марқұмға құрмет көрсетеді. Қандай тағамдар қойылатынын тек марқұмның отбасы шешеді. Шетелдік діни немесе басқа ұйымдардың араласуға құқығы жоқ. Әр отбасы өз дәстүрін сақтап, марқұмның жанында болуды ұйымдастырады”, – деді ол.
Этнограф жаназада жайылған дастархандағы астан алып кету мәселесіне де пікір білдірді. Ол мұны ас беріп отырған отбасы шешуге тиіс деп есептейді. Айтуынша, қазақта “астан алыңыздар, аруаққа тиеді” деген сөз бар, осы себепті бұл ешқандай оғаш немесе орынсыз қылық емес.
Ол сондай-ақ қазақтың жерлеу рәсімінде жасалатын салт-дәстүрдің мәнін түсіндірді.
Мәдениеттанушы марқұмға арналып айтылатын жоқтаудың мәнін жаназадағы жақын адамның махаббаты мен қимастығынан туындайтын ғұрып ретінде түсіндірді. Сондықтан жоқтау дәстүрі қазақ халқында ерекше маңызды орын алған.
“Қазақтар жақын адамы дүниеден өткенде жоқтау айтады. Бұл тек дәстүр емес, марқұмның өмірін еске алу, оның жанымен қоштасудың маңызды көрінісі. “Өлімнің сәні – жоқтау” дейді халқымыз. Әкесі мен анасы қайтқан соң, балалары жоқтау айтпаса, “артында жоқтаушысы жоқ екен” деп жатады. Жоқтау айту – сол адамның саған қаншалықты жақын, қымбат болғанын білдіретін амал. Оған қоса бұл жүректегі қайғыны азайтып, мұң мен мұңайған сезімді сыртқа шығару құралы. Сондықтан “қатты жылама” деп айту дұрыс емес. Жоқтауда марқұмның сен үшін қаншалық бағалы болғанын, жасаған жақсылықтарын түгел айтып, келген адамдарға жеткізесіз”, – деді маман.
Сондай-ақ этнограф жоқтау айтып, жылауды жасандылыққа теңейтіндірге де жауап берді.
“Марқұмның қасында тұрған адамдар оған құрмет көрсетіп, тілек айтып, дұға жасай отырып, жоқтау айту дәстүрін орындайды. Әйелдер марқұм үшін жылап, айғайлап, кейде бұл әрекет сырт қарағанда жасанды көрінуі мүмкін, бірақ ол да дәстүрдің ажырамас бөлігі. Ахмет Байтұрсынұлының өзі бірнеше жоқтаудың жинағын шығарып, сол арқылы ерліктерді, өмір тарихын ұрпаққа жеткізген”, – деді ол.
Бердалы Оспан қазақтың жетісін, бейшембілігін және қырқын өткізу дәстүрлерінің мәнін түсіндірді.
“Адам дүниеден өткенде туған-туыстары алыстан көңіл айтуға келеді. Бұрындары қыз алыстағы елге тұрмысқа шықса, қаза кезінде құда-жекжаттары сол жерден келетін. Сол себепті жетісі, қырқы, жүз күндігінде ас беріп, дастарқан жайылады”, – деді ол.
Маман қазақтың жерлеу салты – адамның қадір-қасиетін, туыстар мен қоғам алдындағы мәртебесін көрсететін күрделі рәсім екенін жеткізді. Ол тек марқұмды жерлеу емес, туыстардың бір-біріне құрмет көрсетуі мен мәдени мұраның сақталуын қамтамасыз етеді.
Бердалы Оспан әңгіме соңында желіде қазақтың жерлеу салтын сынайтындарға тіл қатты.
“Желіде отырғандарда еш жауапкершілік жоқ. “Ит үреді, көш жүреді” деген қазақтың ұлағатты сөзі бар, тақырыпты білмейтіндерге сөз шығын”, – деп түйіндеді ол.
Желі қолданушыларының бастан кешірген жағымсыз жайттары
Ал желіде жұрт қазақтың жерлеу рәсіміне қатысты сын-пікірлер қалдырып жатыр. Қазақстандықтардың айтуынша, кей өңірлерде қаралы үйде кең дастарқан жайылады, ал марқұмның отбасы мүшелері қазаға қарамастан, көңіл айтып келген жұртты күтуге мәжбүр
Threads желісінде Зарина есімді қолданушы қазақтың жерлеу рәсімін жек көретінін ашық жазған. Оның сөзінше, жақынынан айырылған отбасы жаны қайғырып тұрса да дастарқан жайып, жұртты күтеді. Кей жағдайларда құран бағыштауға келген жұрт асқа қатысты сын айтып кетуі де мүмкін.
“Мен қазақтың жерлеу рәсімін жек көремін. Қайғының ортасында отырсаң да, өзіңді қолға алып құдайыны өткізетін орын табуға, азық-түлік алуға, дұрыс маталарды таңдауға, ет табуға, түні бойы бауырсақ пен құдайы нан қуыруға мәжбүрсің. Мұның бәрі үстірт көрінісі ғана. Ал жерлеу кезінде бәрінің жайғасып, тамақтанып отырғанын қадағалап тұрасың, олардың күлкісін, әртүрлі әңгімелерін естисің. Өзіңнің әрең тұрғаныңа, ішіңде еңсеңді езген қайғы барына ешкім мән бермейді. Сол сәтте жатып алып, жылағың ғана келеді. Тағы біреулер көмектеспей жатып, ақылын тықпалайды. Ал сол туыстар сенің артыңнан сені сынап, сөз қылады. Оларды марқұм емес, дастарқан қандай болды, ет дәмді ме, қандай маталар таратылғаны ғана қызықтырады. Қысқасы, мен қазақтың жерлеу рәсімін жек көремін”, – деп жазған ол.
Айжан есімді қолданушы бұрын-соңды жерлеу рәсіміне қатысып көрмегенін жазған. Алайда бір жыл бұрын атасынан айырылған, ол есеңгіреп, не болып жатқанын түсіне алмай жүрген сәтте одан да үрейлі көріністерге куә болғанын айтты. Ол дастарқанға қойылатын кәмпиттің қымбатын алу керек деген секілді әңгімені естігенде қазақтың салт-дәстүрінен шошынғанын жасырмады. Сондай-ақ қолданушы қаза болған күннен қырқыншы күнге дейін дастарқан жаюды сынға алды.
“Қандай кәмпит қою керек, қымбатын алу қажет деген әңгімелерді естігендегі түрімді көрсеңіз ғой. Бұл не үшін? Кімге керек? Дастарқан басындағы бұл “той” кімге арналды? Үстел басында отырғандар ештеңе болмағандай, марқұмды да, оның отбасын да сөз етіп, өсек айтады. Оған қоса, соңында сарқыт салып алу үшін пакет іздей бастайды. Мұның бәрі бір күнмен шектелмей, жеті күнге, кейін қырық күнге дейін жалғасады. Әрине, мен барлық адамды айтып отырған жоқпын, шын жанашырлық танытатын туған-туыс, жақын жандар бар. Алайда қалғандарының бәрі жалғандыққа толы бір маскарад сияқты көрінеді”, – деп жазды ол.
Тағы бір қолданушы жаназа кезінде адам бойындағы екіжүзділіктің айқын көрінетінін алға тартты.
“Қазақтың жерлеу рәсімі – өмірімде көрген ең сұмдық көрініс. Жақын адамыңнан айырылып, есеңгіреп жүргенде, үйіңде жеті күн бойы толассыз қонақ үзілмейді, ал кейін қырық күнге дейін жалғасады. Біреулер ас әзірлеп әлек, біреулер дастарқан жайып жатыр, күліп, әңгіме-дүкен құрады. Ал басқа бөлмеде әйелдер айғайлап жылап жатады. Осы сәтте сенің ішкі күйіңе ешкім мән бермейді, бәрі марқұм туралы өсек айтады, ал сен жыламай, барынша өзіңді ұстап тұрғаның үшін кісіге қиғаш қарап жатады. Мұның бәрі адам бойындағы екіжүзділіктің айқын көрінісі”, – деп жазды ол
Ағасын жоғалтқан бойжеткен де өз оқиғасын бөліскен.
“Ағамның жаназасында мен ешкімді көргім келмеді, бірақ маған шай қайнатып, оны демдеп тұруды тапсырды. Адамдар толассыз шәйнек тасып келіп жатты, мен көз жасымды әрең тыйып, шай дайындап тұрдым. Бір әйел келіп, шайдың тым қою екенін айтты. Жарайды, үстіне қайнаған су қостым. Біраз уақыттан соң қайта келіп, шайдың жеткілікті ыстық емес екенін жеткізді. Сол сәтте шәйнекті басына кигізгім келді, бірақ ағамды ойлап, өзімді ұстадым да “адамдар жерлеуге шай ішіп, ас жеу үшін келе ме, әлде қайғыны бөлісу үшін бе?” деп сұрадым. Ол тосылып қалды, ал мен бәрін тастап, кетіп қалдым. Осындай жерлеу рәсімдерін жек көремін”, – деп жазған ол.
Мүфтият мәзірде алты негізгі өнімді бекіткен. Яғни дастарханда:
– нан өнімдерінен – бауырсақ пен шелпек;
– сусын ретінде – шай мен су;
– ыстық тағамға – ет немесе палау қоюға болады.
Сонымен қатар сары май, тары- талқан, қант пен кәмпит ұсыныс ретінде енгізілген. Тәтті бәліштер, салаттар мен түрлі жемістер бұл тізімде жоқ.
Имам Өмірзақ Бекқожаның айтуынша, исламда ысырапқа тыйым салынған. Бұл жерде басты мақсат – келген жамағатты тамақтандыру ғана. Артық ас беруге, жарыс жасауға болмайды.
“Жергілікті имамдар мүфтияттың осы бекітілген құжатын халыққа жеткізуге бәріміз міндеттіміз. Өзіміздің барлық қазағымыз сондай бір тәртіпте, бір ізгілікпенен, жаңағы қазаның дастарханын бір ізгілікке түсіреді деген үлкен үмітіміз бар”, – деді имам.
Қазір бұл талап Арқалық, Павлодар, Абай облысы мен Жезқазған қаласында енгізіліп қойған. Имамдар мен ғалымдардың пікірінше, қара жамылған отбасының үстелінде түрлі тағамдардың болмағаны жөн. Ас- халықтың бір-біріне көрсеткен құрметі мен дұғасы. Ал бәсеке мен ысырап құрметті жоққа шығарады.