Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қайырымды жандар Шымкентте целлофан сатып күнелткен отбасыға көмектесе бастады

Шымкентте «целлофан жинап сатып күнелткен» көпбалалы Ділбәр Құттыбайдың отбасы Азаттық мақаласынан соң қайырымды жандар азық-түлік, киім-кешек жеткізе бастағанын айтады.

02ED4606-9D06-4570-B7FC-7CFA4FE0366F_w610_r1_s

Жергілікті билік отбасындағы оқуға бара алмай қалған балаларды мектепке қабылдауға уәде етті, деп жазады Азаттық.

Шымкентте көпбалалы жалғызілікті науқас ана Ділбәр Құттыбайдың отбасы мемлекеттен алатын жәрдемақыны күнкөрісіне жеткізе алмай, «целлофан жинап сатуға мәжбүр» болып отырғаны туралы Азаттық сайтында жарияланған мақаладан соң оларға көптеген адамдар хабарласып, көмек қолын созған.

Алты баласымен тозған үйді жалдап тұрып жатқан Ділбәр Құттыбайдың үй-ішінің хал-жағдайын білмекке Азаттық тілшісі екі аптадан соң көпбалалы отбасыға тағы барды. Есік алдында 5-6 жастағы екі бала ойнап жүр. «Екі балам мектепте» деді Ділбәр Құттыбай.

Әйел өз отбасы жайлы Азаттық мақаласынан кейін оларға Шымкент пен Қазақстанның өзге де аймақтарынан хабарласып, жәрдем көрсетіп жатқан жандар көп екенін айтты.

– Үйге келіп, жағдайымды көрген соң кейбіреулері балаларыма киім-кешек сатып әперді. Қап-қап азық-түлік әкелгендер көп, әлі де беріп жатыр, – дейді Ділбәр.

Ол Азаттық тілшісіне тозығы жеткен тамның кіре берісіндегі картоп, пияз, ұн салынған бірнеше қапты, өзге де азық-түлік заттарын көрсетті.

– Мына қаптағы ұн, картоп, пияз және көкөніс жабылған банкілер – Азаттықтан жағдайымызды білген тұрғындар мен 45-жалпы орта мектептің ұжымы әкелген азық-түліктің бір бөлігі. Бұған қоса бізге күріш, жарма, макарон, сұйық май, көрпе-жастық, киім-кешек әкеп берді, – дейді ол ризашылықпен.

3D21ABCB-7B01-472D-97F4-E04CE41BBC50_w610_r1_s

Алты баланың анасы Ділбәр Құттыбай. Шымкент, 15 қараша 2016 жыл.

Ділбәр Құттыбай балаларына қайырымды жандар әкелген жаңа киімдерді көрсетті. Ескі үйдің аядай жалғыз бөлмесінің бір бұрышында балаларға арналған жылы курткалар, қыстық аяқ киімдер көзге шалынады. Анасы жаңа сырт киімнің бірін кенже ұлына кигізіп көріп еді, құйып қойғандай екен, сәбидің жүзі бал-бұл жайнап кетті.

– Ержан (отбасына көмек берген азаматты айтады – ред.) балаларыма қыстық киімдер әкелгенде олардың, әсіресе кенже ұлымның қуанғанын көрсеңіз ғой, – дейді көзіне жас алған Ділбәр Құттыбай.

Оның сөзінше, кейбір азаматтар көпбалалы отбасына ақшалай жәрдем берген.

– Оған да киім-кешек сатып алдық. Балаларымның киімі біраз болсын бүтінделіп қалды. Екі айдан бері төлей алмай жүрген пәтерақыны да төледім, – дейді жалғызілікті әйел.

Ділбәр Құттыбай қазір ай сайын 20 мың теңге төлеп тұрып жатқан суық баспанада балалармен қысты қалай өткіземін деп уайымдайды.

– Өткенде кенже балам суық тиіп ауырып қалды. Көмек беруге келген азаматтар көріп, дәрі-дәрмек сатып алып берген, сосын беті бері қарады. Алдымыз қыс, мына үй болса суық. Басқа пәтерге көшуге шамамыз жетпейді, – дейді көпбалалы ана.

Талқылау