Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қайта премьер болған Смайылов депутаттардың алдында қандай уәде берді

Мәжілістің жалпы отырысында Әлихан Смайылов депутаттардың алдында сөз сөйледі деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Смайылов 2023

30 наурызда "Аманат" партиясы министрлер кабинетінің басшысы лауазымына ұсынған оның кандидатурасын парламенттің төменгі палатасы депутаттарының көпшілігі қолдаған еді.

Әлихан Смайылов алдымен өзіне сенім білдіргені үшін президент пен депутаттарға алғыс айтты.

"Мен үшін бұл үлкен жауапкершілік. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын одан әрі арттыру жөніндегі сіздің алға қойған міндеттеріңіз үкіметтің басты басымдықтары болмақ. Біз ең алдымен мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын және "Amanat" партиясының бағдарламасын жүзеге асырамыз", - деп атап өтті премьер.

Сондай-ақ ол үкімет басқа партиялар мен депутаттардың, бизнес қауымдастық пен азаматтардың сындарлы ұсыныстарын ескеретінін жеткізген.

"Орта мерзімді перспективада экономика өсімін бес пайызға жеткізу және биылғы жылдың соңына дейін инфляцияны екі есеге төмендету – біздің ең маңызды міндеттеріміз. Кәсіпкерлікті қолдау және бизнес-климатты жақсарту, бизнестің өзекті мәселелерін шешу, азаматтарымыздың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету және нақты табыстарын арттыру бойынша кешенді шаралар мемлекеттік жұмыстың негізгі бағыттарының бірі", - деді Әлихан Смайылов.



Ол экономиканы дамытудың басым бағыттары оны әртараптандыру, ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз ету және қосылған құны жоғары тауарлық емес тауарлар өндірісін арттыру болатындығын атап өткен.

"Ел экономикасына, ең алдымен, өңдеу өнеркәсібіне инвестицияны көбірек тарту бойынша шаралар қабылданатын болады. Ауыл шаруашылығын дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар жүргізіледі. Энергетика саласын дамыту мен коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртудың маңызы зор", - дейді премьер-министр.

Министрлер кабинетінің басшысының сөзінше, отандық жанар-жағармай нарығын қамтамасыз етуге баса назар аударылады.

"Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасын жүзеге асыру электр және инженерлік желілердің тозуын азайтады. "Ауыл – Ел бесігі" жобасы аясында ауыл инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары кеңейтілетін болады. Логистика саласында Қазақстанның көлік жүйесінің әлеуетін арттыру және халықаралық дәліздерді дамыту басым бағыттарымыздың бірі", - дейді Смайылов.

Сонымен қоса білім және денсаулық сақтау салаларында көрсетілетін қызметтердің тиімділігі мен сапасын арттыру, сондай-ақ одан әрі цифрландыру және бірыңғай мемлекеттік цифрлық платформаны енгізу мемлекеттік жұмыстың негізгі бағыттары болатыны айтылған.

"Үкімет алға қойылған міндеттерді шешу үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды. Біз Парламент депутаттарымен тығыз қарым-қатынаста үйлестірілген және нәтижелі жұмыс істеуді басты бағытқа қойдық", - деп түйіндеген Әлихан Смайылов. 

Еске салайық, 30 наурызда өткен дауыс беру қорытындысы бойынша Әлихан Смайыловтың кандидатурасын Мәжілістің 82 депутаты қолдаған. Ал жетеуі қарсы дауыс берсе, сегіз депутат қалыс қалды.

Талқылау