Қайраттың өз алаңындағы ойындардан арзан: "Арсенал" мен "Қайрат" арасындағы матчтың билет бағалары белгілі болды
Фото:Stan.kz collage
Алматылық "Қайрат" клубы Чемпиондар лигасының соңғы 8-турында Лондонның "Арсенал" командасына қарсы матч өткізеді. Қос команда арасындағы ойынның билет бағалары белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Лондондық клубтың билет бағалары "Қайраттың" өз алаңындағы бағаларымен салыстырғанда әлдеқайда арзан.
Алматылық клубтың өз алаңындағы ойындарының билет құны 30 мың теңгеден бастап 250 мың теңгеге дейін жеткен.
Ал Лондондық клубтың мәліметіне сәйкес, бұл матчқа билеттер 44,80 фунттан 80 фунт стерлингке дейін бағаланып отыр. Яғни шамамен 30 мыңнан 50 мың теңгеге дейін. Олар бұл ойынды В санатындағы баға деңгейіне жатқызуда.
"Қайрат" пен "Арсенал" арасындағы матч 2026 жылдың 29 қаңтарында Лондондағы "Эмирейтс" стадионында өтеді.
Айта кетейік, Чемпиондар лигасының кестесінде "Қайрат" 1 ұпаймен 34-орында тұр. Жалпы кезеңде 36 команда қатысқанын ескерсек, бұл ең төменгі көрсеткіштердің бірі. Бұған дейін Уразбахтин шәкірттері өз алаңында “Реалмен” ойында 5:0 ұтылса, "Пафоспен" 0:0 тең ойнаған еді. Ал өткен аптада "Қайрат" сырт алаңда "Интерге" 2:1 есебімен ұтылды. Ал "Арсенал" болса турнир кестесінде 12 ұпаймен "Бавариядан" кейінгі 2-орында орналасқан.

