Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қайраттың" келесі қарсыласы — "Копенгаген" туралы не білеміз?

футболФото:©tvguide.co.uk

Алматылық "Қайрат" футбол клубы Чемпиондар лигасының 5-турында сырт алаңда Данияның "Копенгаген" командасына қарсы матч өткізеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ал біз қарсылас туралы не білеміз?

"Копенгаген" – Данияның 15 дүркін чемпионы, 10 мәрте Кубок иегері, 3 рет Суперкубок жеңімпазы. Сондай-ақ клубтың қоржынында екі Корольдік лига трофейі бар.

Клуб 1992 жылдың 1 шілдесінде тарихи тамыры терең екі команда бірігуінің нәтижесінде құрылған. Алғашқы бас бапкер Бент Йохансеннің тұсында "Копенгаген" Еуропада алғаш ірі жеңісіне қол жеткізді. Интертото кубогында швейцариялық "Грассхопперді" 2:1 есебімен ұтып, топта бірінші орын алғаннан кейін УЕФА кубогына жолдама алды.

"Копенгаген" өз тарихындағы алғашқы чемпиондық атағын 1992/1993 жылғы маусымда иеленді. Бүгінде Дания чемпионатындағы басты қарсыластарының бірі – "Брондбю".

Айта кетейік, Чемпиондар лигасының кестесінде "Қайрат" 1 ұпаймен 34-орында, ал "Копенгаген" 33-орында тұр. Сондықтан алдағы матч екі команда үшін де аса маңызды болмақ.

Бұған дейін Уразбахтиннің шәкірттері өз алаңында "Реалдан" 5:0 есебімен ойсырай ұтылып, "Пафоспен" 0:0 нәтижесіне қанағат еткен. Ал сырт алаңда "Интерден" 2:1 есебімен жеңілген еді.
 

Ақерке Өмірхан
Сәрсенбі, 26 Қараша, 2025 13:09
Талқылау