Қайрат Сатыбалды Алматы қаласындағы Есентай өзенінің бойында орналасқан қонақүйді мемлекетке сыйға тартты

Фото: vlast.kz
Қайрат Сатыбалды Алматы қаласындағы Есентай өзенінің жағасында орналасқан қонақүй ғимаратын мемлекетке сыйға тарту шарты арқылы берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Vlast.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің мәліметінше, сыйға тарту шарты қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің бұйрығы негізінде жасалған.
“2023 жылғы 1 тамызда Қазақстан Республикасының азаматы Қ. Сатыбалдыұлы мен департамент арасында №15 сыйға тарту шарты жасалды. Шарт Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Көктем-3 шағынауданы, 22-үй мекенжайында орналасқан, жалпы ауданы 9 461,6 шаршы метрді құрайтын жылжымайтын мүлік нысанына қатысты”, – деп хабарлады департамент.
2023 жылдың қыркүйек айында аталған қонақүй республикалық меншік ретінде Алматы қаласы бойынша сот әкімшілігі департаментінің балансына бекітілді.
2014 жылы “Hyatt Hotels & Resorts” компаниясы өзінің еншілес құрылымы “Хаятт” инвестициялық Tavros холдингімен Алматыда “Hyatt Regency” қонақүйін салу туралы басқарушылық келісімге қол қойғанын мәлімдеген болатын. Қонақүй 2017 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып, Сәтбаев даңғылы мен Есентай өзенінің аралығында орналасуы тиіс еді.
Қайрат Сатыбалдыдан тәркіленген сақ алтындары мұражайға берілді
Қайрат Сатыбалдының ұлына тиесілі болған "Байсат" базарының үлесі қайтадан аукционға қойылды
Алайда қонақүй ғимараты салынуы тиіс аумақта орналасқан Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейі құрылыс жұмыстары экспонаттардың сақталуына және музей маңындағы жасыл аймаққа зиян келтіруі мүмкін екенін айтып, алаңдаушылық білдірген.
“Құрылыс барысында пайда болатын шаң, күйе мен қақ кондиционер жүйелерінің ауа тартқыштарына түсіп, музей қорындағы жәдігерлерге орны толмас зиян келтіреді. Экспонаттарды сақтау талаптары бұзылады”, – деп мәлімдеген музей өкілдері.
Өз кезегінде құрылыс салушы компания барлық рұқсат құжаттары бар екенін айтып, құрылыс кезеңінде музей аумағының тазалығын қамтамасыз етуге кепілдік берген.
“Курсив” басылымының хабарлауынша, қонақүй ғимараты 2017 жылы пайдалануға берілгенімен, ішкі әрлеу жұмыстары толық аяқталмаған. 2022 жылдың қыркүйегінде ғимарат krisha.kz сайтында 5,2 млрд теңгеге сатылымға шығарылып, бір жылдан кейін бағасы 4,74 млрд теңгеге дейін төмендетілген.
Биыл наурыз айында қонақүй ғимаратында құрылыс қалдықтары өртеніп, өрт қысқа уақытта сөндірілді.
Айта кетейік, Қайрат Сатыбалды 2022 жылдың наурыз айында қамауға алынып, сол жылдың қыркүйегінде “Қазақтелекомнан” қаражат жымқыру схемаларын ұйымдастырғаны үшін алты жылға бас бостандығынан айырылған болатын. 2024 жылғы 16 тамызда Өскемен қаласының №2 соты келтірілген шығын толық өтелуіне байланысты Сатыбалдының жазасын бас бостандығынан айырудан бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырды.
"Екеуі екі-үш күн қатарынан жанжалдасып, соңы осындай болды": Шымкентте 21 жастағы қыздың өліміне қатысты көршілері көргендерін айтты