Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Қайрат” командасынан кейін “Манчестер сити”: “Реалдың” аңыз қақпашысы тарихи рекорд орнатты

Тибо КуртуаФото:Stan.kz collage

Чемпиондар лигасының 1/8 финалында мадридтік “Реал” өз алаңында “Манчестер Ситиді” қабылдады. Айтулы матчта корольдік клубтың қақпашысы Тибо Куртуа тарихи нәтижеге қол жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Реал Мадридтің” қақпашысы Тибо Куртуа команда капитаны Федерико Вальверденің голына нәтижелі пас берді. Осылайша, бұл қақпашының биылғы Чемпиондар лигасындағы екінші ассисті болды.

Ал Куртуа алғашқы нәтижелі пасын 2025 жылы алматылық “Қайратқа” қарсы ойында жасаған еді. “Қайрат” пен “Реал” арасындағы матчта Килиан Мбаппе бельгиялық қақпашының пасынан кейін гол соққан болатын.

Осылайша, Тибо Куртуа Чемпиондар лигасының бір маусымында екі нәтижелі пас берген алғашқы қақпашы атанып, тарихи рекорд орнатты.

Сонымен қатар, ол осы маусымдағы нәтижелі пастар саны бойынша Педри, Букайо Сака, Деклан Райс, Энцо Фернандес және Флориан Вирц секілді ойыншылармен бірдей көрсеткішке жетті.

Айта кетейік, “Реал” мен “Манчестер Сити” арасындағы тартысты кездесуде Федерико Вальверде хет-трик жасап, командасына жеңіс сыйлады. Енді қарымта матчта осы нәтижені сақтап қалса, мадридтік клуб ширек финалға жолдама алады.

Ақерке Өмірхан
Бейсенбі, 12 Наурыз, 2026 15:56