Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қайрат" Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне өтіп, миллиардтаған теңге табыс тапты

Фото: fckairat

Алматының "Қайраты" УЕФА Чемпиондар лигасының 2025/26 жылғы маусымындағы іріктеу сындарының үшінші кезеңінде Словакия чемпионы "Слованды" пенальти сериясында жеңіп, клуб тарихындағы ең ірі қаржылық табыстардың біріне қол жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Братиславада өткен қарымта ойында негізгі және қосымша уақыт қорытындысы бойынша есеп өзгермей, жеңімпаз пенальти арқылы анықталды. Тартысты сәтте қазақстандық клуб 4:3 есебімен басым түсіп, плей-офф кезеңіне жолдама алды. Бұл нәтижесі үшін "Қайрат" УЕФА тарапынан 4,29 миллион еуро көлемінде сыйақы алады. Бұл қазіргі валюта бағамымен шамамен 2,5 миллиард теңгені құрайды.

Енді алматылықтар үшін басты сынақ алда – егер команда плей-офф кезеңінде жеңіске жетсе, Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығып, қосымша 18,62 миллион еуро (шамамен 11,7 миллиард теңге) табыс табады.

Плей-оффтағы қарсылас – Шотландияның көп дүркін чемпионы және қазіргі ел чемпионы "Селтик". Алғашқы матч 20 тамыз күні Глазгода өтеді, ал шешуші ойын 26 тамызда Алматыдағы орталық стадионда ұйымдастырылады.

Бұл тарихи жетістік "Қайрат" үшін тек спорттық жеңіс қана емес, сонымен қатар экономикалық тұрғыдан да зор табыс әкелмек. Клуб табысының бір бөлігі инфрақұрылымды жақсартуға, ойыншылар құрамын нығайтуға және жас таланттарды дамытуға бағытталуы мүмкін.

Бұған дейін, алматылық команданың Братиславада қарымта ойында пенальтилер сериясында жеңіске жетіп, келесі кезеңге өткенін хабарлаған едік.

Абылайхан Палмағанбет
Сәрсенбі, 13 Тамыз, 2025 17:53
Талқылау
`