Қайрат Боранбаевтың үстінен қозғалған қылмыстық істер неге жабылды – Қаржы мониторингі агенттігі түсіндірді
Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов қазір олигарх Қайрат Боранбаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалмағанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Қазақстан бокс федерациясы
Назарбаевтың бұрынғы құдасы келтірілген шығынды өтегендіктен, қылмыстық істер тоқтап қалғаны белгілі болды.
"Салық төлеуден жалтаруға келсек, ол келтірілген шығынды толығымен өтеді. Қылмыстық кодекс бойынша мұндай жағдайда іс жабылады. Қалған істерді процессуалдық келісімдер бойынша сотқа жібердік. Онда да Боранбаев келтірілген шығынды өз еркімен өтеп берді", – деді Елемесов.
Еске салайық, Қайрат Боранбаевтың "ҚазТрансГаз" АҚ-ның ақшасын жымқырғаны үшін 6 жылға сотталғаны туралы жазған едік.
Қайрат Боранбаевтың компаниялары шетелден қайтарылған қаражат есебінен білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 млрд теңге аударды. Сондай-ақ оның компаниялары мемлекеттік мүлік комитетіне жалпы құны 1,4 миллиард теңгеден асатын "Comfort Hotel Astana" қонақүй кешенін мемлекет меншігіне өз еркімен беру үшін тиісті өтінімдер берген және оған тиесілі Phystech II мұнай компаниясы мемлекет меншігіне өтті.
Сонымен қатар мемлекет меншігіне сауда ойын-сауық кешенін, жылжымайтын мүлікті басқару компаниясын және фитнес клубтар желісін қайтарды.
Залалды өтеуіне байланысты сот оның өтінішін қанағаттандырып, Боранбаев түрмеден босатылып, пробациялық бақылауға алынды.