Қайрат Боранбаевтың інісі Мұрат Боранбаев аса ірі көлемде ақша жымқырды деген күдікпен ұсталды
Фото: qamqor.gov.kz
Қаржы мониторингі агенттігі Қайрат Боранбаевтың інісі кәсіпкер Мұрат Боранбаевтың ұсталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2022 жылы қаржы мониторингі агенттігі кәсіпкер Мұрат Боранбаевты іздеуге жариялады. Ол Алматыдағы ақылы автотұрақ бойынша қозғалған қылмыстық істе айыпталушы деп танылды. Яғни аса ірі көлемде мемлекет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінді. Мемлекеттік сатып алу сайтында Мұрат Боранбаевтың 2017 жылы "Алан паркинг" ЖШС басшысы болып тіркелгені туралы ақпарат жарияланған.
2022 жылдың сәуірінде осы компанияның директоры Мұхтар Базарбаевтың қамауға алынғаны жарияланып, көп ұзамай "Алматы Спецтехпаркинг Сервис" ЖШС директоры Марат Пірінбеков қамауға алынды.
Өткен жылдың желтоқсан айында Қайрат Боранбаевқа тиесілі RR2 компаниясы Alan Parking акцияларының 30%-ын сатып алды. Бұған дейін ақылы автотұрақтардың операторы мемлекетке тиесілі болған.
Кейін Алматы әкімдігі "Алматы Спецтехпаркинг Сервис" серіктестігінің 70% акциясы мен "Алан паркинг" компаниясының 100% қала меншігіне қайтарылғанын хабарлады.
Өткен жылдың күзінде Мұрат Боранбаев халықаралық іздеуде болған. Ол кезде агенттіктің экономикалық тергеу қызметі аса ірі көлемде мемлекет қаржысын ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады.
"Қаржы мониторингі агенттігі Мұрат Боранбаевтың ұсталуына байланысты 2024 жылдың 24 желтоқсанында іздестіру жұмыстары тоқтатылғанын хабарлайды", – делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Қайрат Боранбаевтың "ҚазТрансГаз" АҚ-ның ақшасын жымқырғаны үшін 6 жылға сотталғаны туралы жазған едік. Кейін мемлекет меншігіне сауда ойын-сауық кешенін, жылжымайтын мүлікті басқару компаниясын және фитнес клубтар желісін қайтарды. Залалды өтеуіне байланысты сот оның өтінішін қанағаттандырып, Боранбаев түрмеден босатылып, пробациялық бақылауға алынды.

"Мүгедектер мен аурулар саны артып келеді": Бір аптадан бері түтінге тұншығып отырған атыраулықтар дабыл қақты
