Қазақстандықтар "Қайрат" ойыншыларының формасындағы букмекерлік компанияның жарнамасына наразылық білдірді
Фото: fckairat.com
"Қайрат" ойыншыларының формасындағы букмекерлік компанияның жарнамасы желі қолданушыларының арасында қызу талқыға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жанкүйерлер мен желі қолданушылары бұл жағдайға наразылық білдіріп, футболшыларды үлгі тұтатын жастар үшін жаман үлгі екенін алға тартты.
Блогер Әсел Татишева букмекерлік кеңселердің теріс ассоциация тудыратынын айтып, командаға бас демеушіні ауыстыруды ұсынды.
"Алда қандай жол бар, жолдарын жаппай, кеуделерінен 1xBet жазуын алып тастаңыздар. Бұл ақ пен қараны, жамандық пен жақсылықты араластырады. Олар – жастарға үлгі. Ал жейделеріндегі осы жазудың артында көп жас пен қайғы, шаңырағы шайқалған отбасылар мен баспанасы жоқ балалар тұр", – деді блогер.
Блогерді басқа қазақстандықтар да қолдады. Желі қолданушылары Қазақстанда футболды қаржыландыруға дайын демеушілер өте аз екеніне назар аударды. Кейбір жанкүйерлер форманың беделдірек көрінуі үшін оны Fly Arystan немесе Kcell логотипімен алмастыруды ұсынды.
Саясаттанушы Ислам Құраев клубты қорғап, бұл мәселе бойынша әлемдік тәжірибеге сілтеме жасады. Оның айтуынша, Англия, Германия, Франция, Италия және Испанияда көптеген танымал клубтар букмекерлік компаниялармен серіктестік орнатқан.
"Букмекерлердің негізгі демеуші болуы бұл кең таралған әрі заңды халықаралық тәжірибе. Ол тек қатаң заңнамалық шектеулер бар елдерде ғана шектеледі", – дейді Ислам Құраев.
Құраевтың айтуынша, мұндай демеушілер құмар ойынға тәуелділік қаупін тудырса да, спорттың дамуына ықпал етеді.

Данна Қарағұсова кім: Ол ғарышқа ұшу үшін қанша төлейді
