Ерікті Перизат Қайрат су тасқынынан зардап шеккендерге жиналған 1,5 миллиард теңгені жымқырды деген күдікке ілінді
Қаржы мониторингі агенттігі еріктілер қозғалысының белсендісі және “Біз біргеміз” қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу басталғанын мәлім етті. Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 миллиард теңгеден астам қаражатты жымқырды деп күдікке ілінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Іnstagram/01pk
Агенттіктің мәліметінше, қайырымдылықтың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатына пайдаланылған. Биыл көктемде ол елордадағы автосалоннан 88 миллион теңгеге "Mercedes-Benz S450", 80 миллион теңгеге "Lexus LX-600" және 39 миллион теңгеге "Haval" автокөліктерін сатып алды.
Осы кезеңде ол жалпы сомасы 600 миллион теңге болатын елорданың премиум санаттағы "Akbulak Riviera", "Highvill Ishim Gold", "Көк Жайлау" тұрғын үй кешені (тұрақ орындарын қоса алғанда), сонымен қатар "Vela Village" коттедж қалашығынан жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алды.
Сонымен қатар агенттіктің ақпаратынша, қазақстандықтардың қайырымдылыққа деп жіберген қаражаты есебінен Перизат Қайрат Дубай, Доха, Лондон және Ыстамбұлдағы "St.Regis", "Shangri-La", "Palazzo Versace" және "Kempinski" сияқты бес жұлдызды қонақүйлерде демалған.
“Бұл елдерде ол "Cartier" және "Louis Vuitton" сияқты брендтердің қымбат аксессуарлары мен зергерлік бұйымдарын сатып алып, фешенебельді мейрамханаларға барып, яхталарды жалдаған. Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін достары мен туыстарына 8% сыйақы беріп, қордың ақшасын қолма-қол ақшаға айналдырып отырған. Осылайша, Перизат Қайрат өзінің заңсыз әрекеттерімен еріктілер қозғалысының беделіне нұқсан келтіріп, оның ашықтық пен адалдық принциптеріне күмән келтірді және халықтың сеніп тапсырған қаражатын талан-таражға салған. Күдікті ұсталды”, – делінген Қаржы мониторингі агентігінің хабарламасында.
Редакция Перизат Қайраттың өзіне хабарласты. Алайда оның байланыс телефоны өшірулі болды.
Еске салайық, бұған дейін су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда ерікті ретінде жұмыс істеген Перизат Қайрат президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа сын айтқан жазбасын әлеуметтік желіде жариялап, кейіннен оны өшіріп, халықтан кешірім сұрады. Ол жазбасында президентті VIP-кездесулердің орнына ел ішінде болуға және су тасқыны кезінде халықпен бірге болуға шақырған еді. Кейін ерікті елді бірігіп, президентке қолдау көрсетуге үндеген жаңа жазба жариялады. Таяуда мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәжілісте қайырымдылықтың барлығы мемлекет бақылауына алынатынын мәлімдеді. Бұл шаралар қазақстандықтарды алаяқтардан қорғау үшін маңызды дейді ол. Қазір елімізде қайырымдылық негізінен азаматтардың емделуіне ақша жинау түрінде көрсетіледі. Мәдениет министрлігі көмек көрсетудің бірыңғай тетігін құруды ұсынып отыр.