"Өтірік өмірбаян жазады": Қазақстандықтар қайырымдылық атын жамылып жүрген интернет алаяқтарға қалай алданғанын айтып берді
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше, 2023 жылы қайырымдылықты желеу ете отырып жасалатын интернет алаяқтық жиілеген. Оған себеп ретінде агенттік атақты адамдар мен блогерлердің қайырымдылықпен айналыса бастауын келтіреді. Stan.kz ақпарат агенттігі қайырымдылыққа деп ақша аударып, алаяқтарға алданған, сонымен қатар алаяқты бірден таныған адамдарды тыңдады.
Фото: varlamov.ru
Алматылық Меруерт бұрын достарымен қала маңындағы ауылдарда тұратын 2-3 отбасыға барып, азық-түлік апарып, көмектескен. Бір күні Меруертке Instagram-нан хат келген. Онда қыз анасының ауырып жатқанын, соған дәрі керек екенін, ал өзінің айлығы кешігіп жатқанын айтқан. Ол дәрі дереу қажет деп, Меруерттен қарызға ақша сұраған. Меруерт "мені қайдан тауып алдыңыз" дегенде "1-2 рет қайырымдылыққа ақша жинапсыз, сол парақшалардан тауып алдым" деген.
Меруерт бірден үлкен кісінің жағдайы ойлап, өзін Айнұр деп таныстырған қызға Kaspi арқылы ақша салып жібереді. Дегенмен ол таныс емес адамның ақша сұрағанына күдіктенген.
"Алдап кеткен күнде де өзім өкініп қалмайтындай, қиналып қалмайтындай сома жіберейін деп шештім. Алғашында ол қызға өзімнің де айлығым түспегенін ескерттім. Бірақ ол анамның жағдайы нашар, мен сізге айлық түсісімен салып жіберемін деп, сұрап қоймады. Содан мен бір құрбымнан алып, ол қызға бере тұрдым. Содан ұмытып кеттім. Рамазан айы еді", – дейді ол.
Бір күні Меруерт сол қызды есіне түсіріп, Instagram-дағы хаттарының арасынан іздесе, Айнұр деп таныстырған қыздың хаты жоқ, шықпайды. Бірден бұғаттап тастағанын, алдап ақша сұрағанын білген.
"Өкінішке қарай Рамазан айында осылай өтірік айтып, ақша сұрайтындар бар екен. Сол кезде бірінші рет кезіктім. Құдай өзі кешірсін дедім де, қойдым. Өзімнің айлығым түскенде құрбымнан алған ақшаны қайтардым, осылай садақа деп есептедім", – дейді Меруерт.
Осыған ұқсас жағдайға кәсіпкер, блогер Ақжол Жұмағұлов та ұшыраған. Өзінің сөзінше, оған Instagram-да келетін хаттардың 50%-ында адамдар қарызға ақша сұрайды немесе көмектесуді өтінеді.
"Стандартты оқиға: 6 баласы бар әйел, жер үйде тұрады, үй суық, жағатын көмір жоқ. Маған екі таңдау береді: ақшалай көмектесу немесе оған көмір алып беру. Әрине, мен қиындау жолын таңдаймын. Алаяқтар менің Америкада екенімді, Көкшетауда тұрғанымды ескерген. Олар Шығыс Қазақстан облысының бір ит байласа тұрмайтын жеріндегі ауылды мекенжай етіп таңдап алған", – дейді кәсіпкер.
Дегенмен алаяқтар Ақжол Жұмағұловтың қаржы полициясы академиясында оқығанын және оның группаластарының бәрі Құқық қорғау органдарында жұмыс істейтінін ескермеген.
"Әрі қарай мен ШҚО-дағы группаласыма сол ауылдың учаскелік полициясы арқылы көмір беріп жіберуін сұраймын. Сол кезде мен әйел берген мекенжай бар екенін, бірақ ол жерде басқа адамдар тұратынын білемін. Осыдан соң бұл адамдар маған жауап беруді қойды", – деп баяндады кәсіпкер.
Сөз соңында ол мұндай алаяқтарға алданбау үшін өзінің не істейтінін айтты.
"Әркім өз ісімен айналысуы керек. Мен бір адамға көмектесемін деп, оның алаяқ па, алаяқ емес пе екенін анықтауға көп қуатымды жұмсадым. Сондықтан қазір мен қайырымдылықты тек Kaspi қолданбасы арқылы жасаймын. Онда түрлі ұйымдардың шоттары бар. Көмекті соларға жіберемін", – деді Ақжол Жұмағұлов.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметіне сенсек, қазір блогерлер ақша жинау науқанын жасайды, түрлі акцияға қатысады, қажет қаражатты жинау үшін тікелей эфирге шығады. Атақты адамдардың мұндай бастамалары алаяқтардың назарынан тыс қалмады. Олар балалардың интернеттегі фотоларын пайдаланады, оған сай жалған өмірбаян жазады. Тіпті бар ұйымдармен шатастырмау үшін жаңадан қор ашады. Тіпті ресми әрі салмақты көріну үшін жұмыс істеп тұрған қорларды көрсетуден тайынбайды.
"Кейде алаяқтар қайырымдылық қорларынан баланың фотосы мен дерегін алып, қаз-қалпы көшіріп қоя салады. Тек қаражат аударатын реквизиттерді өздерінікіне ауыстырады. Халық әуелі баланың жағдайымен танысып, тексереді. Дегенмен хабарландыру соңындағы банк реквизиттеріне аса мән бермей жатады. Осылайша біразы көмектесіп жатырмын деп ойлап, алаяқтарға ақша жібереді", – дейді агенттік сарапшылары.
Қайырымдылықты желеу етіп ақша жинайтындарға алданып қалмау үшін не істеу керек?
- Алаяқтық туралы жаңалықтар мен хабарламаларға селқос қарамаңыз: неғұрлым қайырымдылық қоры туралы, алаяқтар туралы көп нәрсе білсеңіз, олардың қармағына түсу қаупі соғұрлым төмен болады.
- Баланың, науқастың еміне ақша жинау туралы хабарламаларды көрсеңіз, оның құжаттарын міндетті түрде тексеріңіз. Егер нақты қайырымдылық қоры көрсетілсе, қордың ресми сайтына кіріп, баланың базада бар-жоғын анықтаңыз. Оған қоса науқас баланың фотосын тексеру арқылы да, алаяқтарды анықтауға болады. Ол үшін баланың фотосын арнайы браузер арқылы іздеп, тағы қайда жарияланғанын көре аласыз. Алаяқтар басқа баланың немесе ауырмайтын бүлдіршіннің деректерін пайдалануы мүмкін.
- Қайырымдылыққа деп жеке нөмірге ақша аудармауға тырысыңыз. Арнайы реквизиттерін сұрап, оны мұқият тексеріңіз. Балалардың ата-анасы немесе жануарларға арналған қор иелері ақшаны тезірек жинау үшін өз нөмірін беруі мүмкін. Дегенмен алдын ала тексеріп, мұқият болғаныңыз жөн.
Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, түрлі күмәнді мақсаттарға ақша жинауға 138 банктік карта тартылған. Мұндай жалған көмек сұраушыларға 660 мыңнан астам қазақстандық қаражат жіберген. Жалпы жиналған қаржы сомасы 6 млрд теңге болса, оның 33%-ының (2 млрд) алаяқтық белгілері бар. Алаяқтар ақшаны жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатып алуға, тұрмыстық шығынға, букмекерлік кеңселерде бәс тігуге және шетелдегі қымбат пәтерлерді жалға алуға жұмсайды.