Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жедел жәрдем шақыруға қорықтым": Сотта екі куәгер қыздың бірі жауап берді

Сот отырысында Шерзат Полаттың қазасы бойынша куәгер Эльмира Нұрбекова жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Айта кетейік, бұл істе екі куәгер әйел бар. Соның бірі – Эльмира Нұрбекова. 

Куәгер сотталушыларды танымайтынын, оқиға болғанға дейін екі күн бұрын танысқанын жеткізді. 

Оларды оқиға болғаннан екі күн бұрын таныстым. Бұл жерде Нұрқияс, Равиль және Абзалды ғана танимын. 3 қазанда күндіз жұмыста болдым. Сосын құрбым Дана қоңырау шалды. Өзара сөйлестік. Кейін маған Равиль жазып, кездесейік, деді. Мен келісіп, “жұмыстан соң кездесе аламын” деп жаздым. Кешке сағат 20:00-де шықтым. Үйге қарай жол тарттым. Равиль хат жазып, “Эйфория” кафесіне кездесуге шақырды. Дана екеуміз кафеге бардық. Онда Нұрқияс, Равиль және екі жігіт күтіп алды. Біз отырдық, биледік, жігіттер өздері дастархан басында отырды. Жігіттердің кіріп, шығып жүргенін көрмедік. Себебі би алаңы басқа жерде болды. Үстелге қайта келдік. Жігіттер де отырды”, – дейді куәгер. 

Эльмира Нұрбекова жанындағы жігіттермен бірге кафеден шығып, көлікпен дүкенге қарай бағыт алғанын айтты. 

“Үстел үстінде құрбым Дана және 4-5 жігіт болды. Даяшы келіп кафе жабылады деді. Сосын біз ақысын төлеп, шығып кеттік. Нұрқияс пен Равиль көлік бар, өзіміз апарып тастаймыз деді. Дүкенге барамыз, сендерді сосын жеткіземіз деп айтты. Біз тіпті қандай дүкенге баратынымызды білмедік. Қара Medcedes-ке міндік. Көлікті Шыңғыс Айдосұлы басқарды. Дүкен жаққа келдік, көлікте отырдық. Мен құрбыма темекі алайық, менікі бітіп қалыпты дедім. Екеуміз көліктен түсіп, дүкенге кірдік. Дүкенде екі жігіт тұрды. Тағы бір ер адам тұрды. “Аға темекі сатасыз ба” деп сұрадым. Ол “шылым сатпаймын, қазір қаруымды шығарамын, атамын” деп айтты. Дүкеннің сыртында тағы қара көлік тұрды. Сонда барып тұрдым. Сатушы дүкенді жабамын деп айтқан кезде, артқы жағымнан біреу есікті тепті”, –дейді куәгер.

Сондай-ақ куәгер бір адам шығып, қару атқанын айтты. 

“Бір кісі шығып, қару атты. Ол қаруды балаларға тақап, екі қадам жасап, тағы оқ атты. Равильді ұстап, төбелеспеңдер дедім. Бәрі тынышталды. Сосын ол жұлқынып шығып кетіп, жанжал болып жатқан жаққа қарай жүгіріп кетті. Дүкен жанында тұрған Mercedes көлігіне барып тұрдым. Сол кезде көмек сұраған әйелдің дауысын естідік. Жол жаққа қарай шықтым. Қарадым, әрі бері жүгіріп жүргендерді көрдім. Қара киген баланы ұстап,  тоқтаңдар деп айттым. Сұр киім киген жігіт ес-түссіз жатты. Сол жерде сасқалақтап не істерімді білмей қалдым. Мені кім ұстап, көлікке отырғызғанын да білмей қалдым”, – дейді Нұрбекова.

Прокурор куәгерден “жедел жәрдем шақыруға не кедергі болды”, деп сұрады. 

Куәгер жедел жәрдемге қоңырау шалғысы келгенін, бірақ қорыққанын жеткізді. 

“Мен қорқып тұрдым. Телефонмен тұрған әйелге “жедел жәрдем шақырыңыз” деп айқайлап айттым”, – дейді куәгер. 

Нұрбекова көлікпен белгісіз жаққа қарай бағыт алғанын жеткізді. 

“Көліктің артына мен, Равиль, Нұрқияс және Дана отырды. Әрі қарай қандай әңгіме болғаны есімде жоқ. Осыдан кейін бір жерге тоқтадық. Көлікте отырыңдар, деді. Өздері бірдеңе туралы сөйлесті. Біз көлікте отырдық. Одан кейін қара Jeep келді. Біз сонда отырдық. Онда екі жігіт отырды, бірақ оларды танымадым. Әрі қарай кеттік, мен үйге барамыз деп ойладым. Жолда бір жерге тоқтадық, полиция ұстады”, – дейді куәгер. 

Талқылау