Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жарты жылдан астам уақыттан бері ізімнен қалар емес": Сталкингтің қауіпті белгілері және одан қалай қорғануға болады?

Фото: Pixabay.comФото: Pixabay.com

Жақында Шымкентте жас жігіт 21 жастағы Нұрайды пышақтап өлтірді. Бейнежазбадан қыздың қарсылық көрсетіп, қашуға тырысқанын, ал жігіт оны ұрып-соғып, пышақ сұққаны көрінді. Осы оқиғадан соң қоғамда сталкерлер, қыр соңынан қалмайтын адамдар туралы көбірек айтыла бастады. Оқиғасы Нұрайдікіне ұқсайтын қыздар басынан кешкендерін бөлісе бастады. Ал мамандар ондай адамдар психопат болады дейді. Осы орайда Stan.kz ақпарат агенттігі мамандардан психопат адамдардың белгілері мен олардан қорғану жолын сұрап білді.

Нұрайдың қазасы

Еске салайық, Шымкентте Нұрайдың қазасына қатысты "Некеге тұруға мәжбүрлеу" бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді. Бұдан бұрын оқиға фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі "Адам өлтіру" бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қылмыс жасады деген күдікпен 28 жастағы Шерхан Аймахан күдікті ретінде аталып отыр. Ол шабуылдан кейін көлігімен оқиға орнынан қашып кеткен. Мәліметке сәйкес, қыздың денесіне 8 жерден пышақ сұғылған. Туыстарының сөзінше, олар жаз мезгілінде тойда танысқан. Жігіт бастапқыда артынан қалмай көңіл білдіріп жүрген. Уақыт өте келе Нұрайға психологиялық қысым көрсетіп, қоқан-лоқы жасай бастаған. Ақырында, қыздың да, ата-анасының да қарсылығына қарамастан, Нұрайды Алматы қаласынан Шымкентке күштеп алып қашқан.

Қызды күдіктінің үйінен туыстары алып кеткенімен, осы оқиғадан кейін де Аймахан Шерхан ұзақ уақыт бойы сталкингпен айналысқан. Нұрай оның нөмірін бұғаттаған кезде, құрбыларына жазған. Құрбыларына қайта-қайта мазалап хабарласып, әлеуметтік желідегі парақшалар арқылы Нұрайдың әр қадамын аңдыған. Нұрай бұл әрекеттерді скриншоттап, дәлел ретінде жинаған. Алайда полицияға арыз жазған кезде, оның арызы тиісті түрде қарастырылмаған.

Қызылордалық қыздың жанайқайы

Осы оқиғадан соң қызылордалық Жазира Қуанышбай әлеуметтік желіде Нұрайдың оқиғасы өз басынан өтіп жатқанын айтып, өміріне қауіп төніп тұрғанын мәлімдеді. Жазира сталкингтің құрбаны болып жүргенін, полиция мен прокуратураға бірнеше рет шағымданса да, іс қозғалмағанын айтты.

“Дүниеде жоқ Нұрайды қоғам ақтай алмай жатқанда, Тірі мені қоғам қорғай ала ма? Жарты жылдан асты сталкингтің құрбаны болып жүрмін. Ата-анам, туысқан ағаларым, тәтелерім, әріптестерім барлығы куә. Барлық әрекетті жасадық, тіпті оның туыстары да сөз түсінбей, айтқандарын тыңдамай жатқанын айтты. Барлық әрекетті жасадым, сөз түсінбей, іс-әрекетін әлі күнге дейін жалғастыруда”, – деп жазды Жазира.

Бойжеткен ер адамның үстінен Қызылорда қаласының құзырлы органдарына шағымданған. Алайда полиция істі қылмыстық құқық бұзушылық болмауына байланысты жауып тастапты. Жазира полицияның жауабымен келіспей, тағы да шағымданған, алайда полиция істі қайта қараудан бас тартып, бұрынғы жауабын қайта жіберген.

Жазираның желідегі жазбасынан кейін Қызылорда облыстық полиция департаменті пікір білдіріп, Сталкинг дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

"Қауіп көбіне физикалық зорлықтан емес, жеке шекараның бұзылуынан басталады"

Осы орайда психиатр Гүлнұр Алтайқызы қауіп төндіретін адамдардың ең басты әрі байқалмай қалатын белгілерін атады.

Ерте кезеңде байқалатын белгілер:

  1. шамадан тыс бақылау: үнемі қоңырау шалу, хабарлама жазу, "қайдасың, кіммен жүрсің?" деген сұрақтар
  2. "жоқ" деген жауапты қабылдай алмау, қысым көрсету, қарсылықты елемеу
  3. тым тез жақындасып, әйелді өзіне "байлап алуға" ұмтылу
  4. нақты себепсіз патологиялық қызғаныш
  5. өз әрекеті үшін жауапкершілікті басқаға ысыру ("осыған сен өзің жеткіздің", "бәрі сенің кесіріңнен")
  6. бірде сені, ісіңді шектен тыс идеализациялап, бірде толықтай құнсыздандыру
"Қауіп көбіне физикалық зорлықтан емес, жеке шекараның бұзылуынан басталады. Мұндай мінез-құлық адамның өз эмоциясын дұрыс басқара алмайтынын және өзгенің шекарасын құрметтемейтінін білдіреді. Осындай кішігірім жағдайлар - қауіптің маңызды белгісі", – дейді психиатр.

"Эмоциялық зорлық қамқорлық сияқты көрінуі мүмкін"

Маманның сөзінше, эмоциялық зорлық көбіне танылмай қалады, себебі ол "қамқорлық" кейпінде көрінуі мүмкін. Мысалы:

• уайымдағандай болып бақылау жасау
• кінә сезімі арқылы қысым көрсету
• өз сезімдерін жоққа шығару ("сен бәрін асыра сілтеп отырсың" деу).

Психиатрдың айтуынша, адам эмоциялық зорлықты сезсе де, үндемей қалады. Бірақ үндемей қалудың да маңызды себептері бар.

"Көп жағдайда жәбірленуші үндемей қалады. Оның артында көбіне мынадай себептер бар: жағдай одан әрі ушығып кетеді деген қорқыныш, ол өзгереді деген үміт, ұят сезімі мен өзін кінәлау, "шыда", "үйдің сырын сыртқа шығарма" деген тәрбие мен көзқарастар", – деп түсіндірді Гүлнұр Алтайқызы.

"Зорлық-зомбылық көбіне біртіндеп дамиды, ал адам психикасы соған үйреніп кетеді"

Маманның айтуынша, сталкинг кезінде қыз-келіншектер қарапайым бағдар бола алатын бір дүниені ескеруі керек. Ол – ішкі сезім.

"Қамқорлық адамды тыныштандырады, таңдау құқығын қалдырады, құрбандықты талап етпейді. Ал манипуляция керісінше мазасыздық, қорқыныш, міндеттілік немесе кінә сезімін тудырады. Сол себепті қыздар, әйелдер өзінің сезімдеріне мән беріп көруі керек. Егер біреудің "қамқорлығынан" кейін жеңілдеп кетудің орнына, керісінше ішкі қысым мен ауырлық сезілсе, егер өзіңді бір нәрсеге "міндетті" сезіне бастасаң, онда бұл қамқорлық емес, манипуляция", – деп ескертті психиатр.

Сонымен қатар психиатр көмек сұрауға дәлел емес, қорқып тұрғаныңның өзі жеткілікті екенін айтып отыр. Мұндайда "бәлкім мен дұрыс түсінбей тұрмын" деп ойламай, негіз, себеп іздей бермей, көмек сұраған жөн дейді.

"Зорлық-зомбылық көбіне біртіндеп дамиды, ал адам психикасы соған үйреніп кетеді. Осыны түсіну керек. Егер қорқып тұрсаңыз көмек іздеуге осының өзі жеткілікті. Мұндайда жағдайдың "жеткілікті дәрежеде ауыр" екенін дәлелдеудің қажеті жоқ. Зорлық-зомбылық ешқашан кенеттен басталмайды. Қауіп-қатерді ақылдан бұрын, тән мен сезімдер сезеді. Сіз біреуге төзуге, ақталуға немесе оны "құтқаруға" міндетті емессіз. Көмек сұрау әлсіздік емес. Ол өзіңді қорғаудың және өміріңді сақтаудың жолы. Сонымен қатар қиын жағдайда, қорқып қалған кезде кімге жүгінуге болатынын білгеніңіз маңызды", – деп кеңес берді психиатр Гүлнұр Алтайқызы.

Психопатиялық тұлғаға тән белгілер:

• эмпатияның (өзгелердің сезімін түсіну қабілетінің) жоқтығы немесе өте төмен болуы;
• кінә сезімін, өкінішті сирек сезіну немесе мүлде сезбеу;
• өтірік айтуға, алдауға және манипуляция жасауға бейімділік;
• өз пайдасы үшін адамдарды пайдалану;
• жауапкершіліктен қашу, өз әрекеттері үшін басқаларды кінәлау;
• үстірт тартымдылық, алғашқы әсерде сүйкімді болып көріну;
• эмоциялардың таяздығы, сезімдердің жасанды көрінуі;
• импульсивтілік, салдарын ойламай әрекет ету;
• агрессияға немесе қатыгездікке бейімділік;
• ережелер мен әлеуметтік нормаларды елемеу;
• тұрақсыз өмір салты (жұмыс, қарым-қатынас, жоспарлар жиі ауысады);
• билікке, бақылауға және үстемдікке ұмтылу;
• өз қателерінен сабақ алмау;
• қауіпке бейім болу, адреналин іздеу.

Қыздар заңның көмегімен сталкерден, қауіп төндіретін адамнан қалай қорғана алады?

“Полицияға жүгіну, қорғау нұсқамасын жасату”

Ал заңгер Ермек Тілеукеев заңның көмегімен қорғану жолдарын айтты.

"Қорқыту, қудалау, қудалап хабарласу (сталкинг), соққы, жыныстық тиіспеушілік – бәрі қылмыстық немесе әкімшілік құқықбұзушылық. Бақылау жасау, соңынан қалмау, қайта қайта қоңырау шалу, үнемі терезенің жанынан өтіп, қарап тұрса, да қудалау болып саналады. Онлайн қудалау да сталкинг болып есептеледі. Әуелі "102-ге" хабарласып, полиция шақырасыз немесе барып арыз бересіз. Мұндайда полиция сталкерге немесе зорлықшыға қорғау нұсқамасын жасайды. Қорғау нұсқамасы учаскелік полиция арқылы 30 тәулікке дейін беріледі. Сол кезде аңдыған адамға жақындауға, қоңырау шалуға, жазуға, аңдуға тыйым салынады”, – деп түсіндірді Ермек Тілеукеев.

Заңгердің сөзінше, бұл көмектеспесе, сотқа жүгіну керек. Сонда сталкерге жақындауға тыйым салуға, психологиялық/физикалық зорлық фактісін бекітуге мүмкіндігіңіз болады.

Медициналық тіркеу және дәлел жинау

Ұрып-соғу немесе жарақат болса, міндетті түрде дәрігерге барып акт алу керек. Бұл акт сізге жасаған қастандықтың дәлелі болады. Сонымен қатар әрине дәлел жинау керек. Сталкердің бүкіл әрекетін мүмкіндігінше сақтап, жинаңыз. Скриншот, аудио, видео, куәгер, хабарламалар – бәрін сақтаңыз.

Егер полиция арызды қабылдамаса, шара қолданбаса не істеу керек?

1. Жазбаша арызды тіркеуді талап ету керек. Ақпаратты тіркеу кітапшасына тіркелген нөмірін сұрау керек.
2. Прокуратураға полицияның әрекетсіздігі туралы шағым түсіру керек
3. Сотқа шағым түсіруге болады. Қылмыстық-процестік кодекс аясында полицияның әрекетсіздігін заңсыз деп тануға мүмкіндік бар.
4. "102-ге" ғана емес, тікелей аудандық полиция басшысына, ішкі қауіпсіздік қызметіне жүгінуге болады.
5. Немесе egov.kz және Бас прокуратура арқылы онлайн түрде жіберуге болады.

Полициядан басқа қайда жүгінуге болады?

  • Негізгі қадағалау орган – Прокуратура
  • Соттан тікелей қорғау шарасын сұрауға болады
  • Дағдарыс орталықтары (тегін, анонимді), әйелдер мен қыздарға арналған уақытша баспана
  • Заңгер, психолог, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл (Омбудсмен), құқық қорғау ұйымдары
  • Жедел медициналық көмек + травмпункт

Қайғылы жағдайға түспеу үшін қыздарға нені алдын ала білген дұрыс?

Сонымен қатар заңгер Ермек Тілеукеев смартфондағы кейбір дүниені реттеп қойған абзал екенін айтты. Мысалы:

  1. Телефондағы геолокацияны жақын адамға көрінетіндей етіп, баптап қою
  2. Төтенше нөмірлерді сақтап қою: 101 – өрт сөндіру, 102 – полиция, 103 – жедел жәрдем, 112 – жедел құтқару қызметі, 111, 150 – сенім телефондары.
  3. Қауіпті адаммен жалғыз қалмау, жеке кездесуден бас тарту
  4. Әлеуметтік желіде өзінің мекенжайын, күн тәртібін жарияламау
  5. Күдік туса, ертерек арыз беру және дәлел жинауды бастау
“Заң жағынан айтсам, онда әр адам өз құқығын білуі керек. "Жоқ" деу қылмыс емес. Зорлыққа үнсіз келісім деген нәрсе жоқ. Бірнәрсе бола қалған жағдайда арыз беруден қорықпау керек. Полиция көмектеспесе, шара қолданбаса, жоғары орган бар. Есіңізде сақтаңыз: Зорлықтың алдын алу – жәбірленушінің емес, қоғам мен мемлекеттің міндеті. Заң сіздің жағыңызда болуы керек”, – деп түйіндеді заңгер Ермек Тілеукеев.

Айта кетейік, сталкинг – бұл адаммен қарым-қатынас орнатуға және (немесе) оның еркіне қайшы келетін, зорлық-зомбылықпен ұштаспаған, елеулі зиян келтірген әрекеттерді білдіретін адамды заңсыз қудалау.

Отандық заңнамада мұндай әрекеттер үшін 200 АЕК-ке (786 400 теңге) дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі қылмыстық жауапкершілік алғаш рет қарастырылған. Егер сталкинг зорлық-зомбылық, қорқыту, бопсалау, жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзумен қатар жүрсе, іс-әрекеттер Қылмыстық кодекстің басқа баптары бойынша қосымша сараланады.

Сталкинг бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік нақты зиян болған жағдайда ғана қаралады. Бұған жеке өмірге қол сұғылмауы, еркін жүріп-тұруға шектеу қою немесе психологиялық қысым көрсету жатады. Заңның мақсаты – құрбандарды ерте кезеңде қорғау және зорлық-зомбылыққа төзбеушілік қалыптастыру. Құқық қорғау органдарының заңды әрекеттері сталкингке жатпайды.

Еңлік Сақтан
Жұма, 23 Қаңтар, 2026 20:11