"Қатты жылдамдықпен қуалаған": Қызылорда облысында әйел жол апатына түскен ұлының өліміне полицейлерді кінәлайды

Видеодан скриншот
Қызылорда қаласында жантүршігерлік жол апатынан көз жұмған 23 жастағы Дінмұхамед Рақымжановтың анасы әділдік іздеп жүр. Жалғызбасты әйел көлік тізгіндеген ұлының апатқа ұшырауына жол сақшыларын кінәлайды. Өйткені полицейлер қала ішіндегі тар жолда көліктің қыр-соңына түсіп, қатты жылдамдықпен қуған дейді. Соның кесірінен жүргізуші машинасымен жарық бағанасына соғылып, ажал құшқан екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Дінмұхаммед Рақымжановтың анасы ұлы жол апатына түскен соң, полицейлер көмек көрсетпей, кетіп қалған дейді. Қатты жылдамдықпен келе жатқан жеңіл автокөлік жол жиегіндегі тоқ бағанасы мен ағашқа соғылып тоқтаған. Соққыдан машина екі бөлініп кеткен дейді туыстары. Ал 23 жастағы жүргізуші оқиға орнында көз жұмған.
Жалғызбасты әйел полицейлер істің ақ-қарасын анықтамай, бар кінәні ұлыма жабуы мүмкін деп күмәнданады. Сөзінше, олар әріптестеріне шаң жуытпай отыр. Сондықтан марқұмның туыстары әділдік іздеп, прокуратураға келді.
“Сол жерде апат болғаннан кейін экипаж қашып кеткен. Ал нарядта басқа гайшниктер жүр. Дәл бұлай болмайды. Егер қумаса, дәл бұл жағдай болмас еді. Ісіңіз мынадай болып жатыр. Я болмаса, келіп-кетіңіз, камераны көріңіз деген сияқты әлі бір қозғалған жоқ”, – деді марқұмның анасы Майра Рақымжанова.
Ал прокурорлар “көлік жүргізушісінің жол жүрісі немесе көлікті пайдалану қағидасын бұзу” бабымен тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
“Полиция басқармасымен бірге тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Әрі қарай сараптамаларға сәйкес тиісті шешім қабылданады. Барлық мән-жайды анықтаймыз. Құқықтық баға беріледі”, – деді Қызылорда облыстық прокуратурасы басқарма басшысының орынбасары Ержан Алтынбай.
Дінмұхамед Рақымжановтың анасы тәртіп сақшыларының баласын қауіпті қылмыскердей не себепті артынан қуғанын әлі де түсіне алмай отыр. Ал 23 жасында көз жұмған жігіт үйдің жалғыз баласы екен. Жақында ғана оқу орнын тәмамдаған марқұм өзі де құқық қорғау органында жұмыс істеуді армандағанын айтады.
2025 жылы болған басты саяси оқиғаларға шолу: Қазақстанда не өзгерді