"Қатты қан кетіп, бала дірілдей бастады": Алматы облысында көліктің астына түсіп көз жұмған 12 жастағы баланың өлімі туралы куәгерлер айтып берді
Алматы облысында жаяу жүргіншілерге арналған жолдан өтіп бара жатқан 12 жасар баланы көлік қағып кетті. Ауыр жарақаттанған жасөспірім сол жерде тіл қатпастан көз жұмды. Оқиғаның қалай болғанын куәгерлер баяндап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.
Автокөліктің жүргізушісі 34 жастағы әйел. Ол жаяу жүргіншілер жолағын кесіп өтіп бара жатқан 12-дегі жасөспірімді қағып кетті. Куәгерлер дереу жедел жәрдем шақырған. Алайда, ауыр жарақаттанған бала сол жерде көз жұмды. Ал жүргізуші қамауға алынды.
“Мен сол сәтте сыртқа шығып бара жатқанмын. Бір кезде соққының дыбысын естіп, біреудің құлағанын көрдім. Осыдан кейін "жедел жәрдем шақырыңыздар!" деген дауысты естідім. Мектепке жүгіріп барып, жедел жәрдем шақырдым”, – дейді Шелек тұрғыны Гүлмира Нұрғожаева.
Жол апатынан кейін жасөспірім ұзаққа бармады, дейді Ләззат Жамалиева. Әйел алғашқылардың бірі болып зардап шеккен балаға алғашқы медициналық көмек көрсетуге тырысқан. Бірақ дәрігерлер келіп үлгермепті.
“Мен жүгіріп шығып бардым, бала ол кезде тірі болатын. Жедел жәрдем келгенше баланың сыз, батпақты жерде жатқаннан кейін аяқ-қолын орап, балаға қарап тұрдым. Қатты қан кетіп, баланың қолы көтеріліп, (судорога) дірілдей бастады. Жедел-жәрдем келіп, фельдшер тексерді де, "бала дүние салды",- дейді куәгер Ләззат Жамалшиева.
Көлікті 34 жастағы әйел басқарған. Ол бірден ұсталып, қылмыстық іс қозғалды.
Бұл факт ҚР ҚК 345-бабы, 3-бөлігі бойынша Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасының сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелген.
Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды. Әйел бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Баланың жергілікті мектепте оқып жүргеніне бір жыл ғана болыпты. Марқұмның мұғалімдері мен достары болған оқиғадан өздеріне келе алмай жүр. Сыныптастары оны есте алу бұрышына ойыншықтар мен тәттілер қойып жатыр.
“Біз оны танығанымызға екі жыл болды. Бірақ осы уақыт ішінде ол өзінің мейірімді, жанашыр екенін көрсетті. Жақсы оқитын. Көптеген достары бар болатын. Қазақ тілі, тарих сабақтарын өте жақсы көретін”, – дейді Бижанов атындағы орта мектеп директорының орынбасары Айгүл Бекова.
Ауыл тұрғындары апаттың соңы бұл оқиғамен бітпеуі мүмкін деп қорқады. Өйткені, жолдағы жүргізушілер жылдамдық режимін сақтамайды екен.
“Көліктерін бірнәрседен құр қалғандай айдайды. Мына жерде үлкен болсын, кіші болсын балалар жүреді. Олар келе жатқанда көліктер жылдамдығын баяулатпайды да. Балалар үшін де өзіміз үшін қорқамыз. Бала автомобильден қорыққанынан, құлап қалған секілді. Неге ол тоқтамады? Басып өтіп кетті”, – дейді Шелек ауылының тұрғыны Галина Мукоид.
Мектептің жанында жолақ арнайы белгінің болғанымен жүйіткіген жүргізушілердің тоқтай қоюы екіталай. Сондықтан, жол бойында жүрген ойын баласының опат болуы оп-оңай. Жыл сайын шамамен 13 мың жол көлік оқиғасы болады. 2 мыңнан астам адам қаза табады. Әсіресе, балалар жиі зардап шегеді. Биыл 10 айда 215 бала жол апатынан көз жұмды.