Сағаттап күтуге тура келеді: Өскемен тұрғындары автобус сапасына шағымданып, әкімдікпен соттасып жүр
Көпшілік қала басшылығының жағдайды біле тұрып, мәселені шеше алмай жүргендеріне наразы. Ал шет аудандардан қатынау кезіндегі қиындықтар соңғы бірнеше жылда пайда болған. Автобустардың сапасыздығымен қоса, олардың жартысы кестесімен жүрмейді. Stan.kz тілшісі жағдайды толығырақ біліп көрді.

"Жаяу жетуіміз керек пе?"
Қоғамдық көлік кестеден кешігіп келеді деп өкпе-назын білдірген Аблакетка ауданының тұрғындары. Сөздерінше, соңғы уақытта қоғамдық көлікті сағаттап күтуге тура келеді. Қалалық ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен екі рет соттасып жеңіп шықса да, мәселе толыққанды шешімін таппаған. Қоғамдық көлік сол күйі "сағындырып" келетін көрінеді.
"Қатты ыстық пен жаңбырда қиын. Алдымен Буров көшесіне жетіп алуымыз қажет. Дәл қазір ол жаққа қатынайтын автобус та жоқ. Сонда жаяу баруымыз керек пе?", – деді Гүлнұр Байырбекова есімді зейнеткер.
Тұрғындардың сөзінше, жолаушы тасымалдаушымен сол күйі жолыға алмай келеді. Бар гәп осында.
Себебі Аблакетка ауданынан жүретін қоғамдық көліктің бірін желіден алып тастапты. Одан бөлек, жолаушы тасымалдайтын автобустар санын да азайтқан сыңайлы. Жоспарға сай шығуы тиіс 22 қоғамдық көліктің тек жартысы ғана жұмысын жалғастырып жүр. Жұрттың қала басшылығымен соттасып жүргендеріне екі жылға жуықтаған. Шенеуніктер олқылық барын жоққа шығармады. Қала әкімінің орынбасары Арман Искаковтың сөзінше, жолаушы тасымалдаушы бір маршрут бойынша бұзушылыққа жол берген. Одан бөлек, мемлекет тарапынан субсидия алып жүр.
"Анықталған бұзушылық аясында қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары тарапынан оларға ескертпе хат жолданды. Тасымалдаушының мәселені шешу үшін шара қолданбай отырғанын ескерсек, мемлекеттік органдар тарапынан сотқа талап-арыз дайындалып жатыр", – деді Арман Мұхтарханұлы.

"Терезесі ашылмайды"
Өскемендіктер мұның артында тек жолаушы тасымалдаушы ғана емес, әкімдіктегілердің де атүсті жұмысы тұрғанын айтты. Себебі қос тарап арасында келсіпеушілік болып жатқанда, реттеуге атсалысуға асықпайды. Ал Өскемен жұрты жағдай осыдан кейін реттелмесе, тағы бір рет соттасуға әзір. Заңгер Алексей Божковтың айтуынша, құр айыппұл салып, жазаға тарту нәтиже бере қоймайды. Одан да түйткіл шешімін табу үшін жасалатын қадамды да өзгерту керек.
"Жүргізушілерден бастап, субсидия бөлу, жолаушы тасымалдаушылармен келісімшарт жасау жағын реттеу қажет. Олай етпесе, үш тарап арасында келісімге келу қиындап, жылдағы ырың-жырың қайталана береді. Тағы бір жайт, желіде автобус азаюын болдырмау қажет", – деді ол.
Ендігі келетін тасымалдаушыға жаңа міндет қойылды. Қала әкімдігі ұсынған мәліметке сүйенсек, ол автобус паркін тағы 16 автобусқа толықтыруы тиіс. Қыркүйек айында оған тағы екеуі қосылатын көрінеді.
Бұдан бөлек, автобустардың кейбірінің терезесі ашылмайды. Күн шыжыған шақта жолаушылар тарығып, әбден терлейді.
"Автобус есігі ашылғанша тынысымыз тарылады. Жаңа автобустар сатып алынғанда, неліктен ескілерін ауыстырмайды? – деді қала тұрғыны Айдар Тоғайбаев. – №60, 46, 19, 3, 19, 24 қоғамдық көліктерден бастап, тоқтаусыз айта беруге болады".
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Еміне 1,5 миллиард теңге қажет: Қазақстандық 7 жасар баланың бұлшықеттері әлсізденіп, жүруі қиындаған