Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістандық ару аудандық ауруханадан анықтама ала алмай алты күн жүрген

Отырарда медициналық анықтама ала алмаған қызФото: Stan.kz

Редакциямызға Жанар есімді (аты өзгертілген) Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылының тұрғыны хабарласты. Айтуынша, аудандық емханада оқу орнына қажет 075-формалы медициналық анықтама алу үлкен қиындыққа айналған. Ару бұл анықтаманы алу үшін емханаға алтыншы күн қатарынан барған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Емхана күніне тек 30 адамды қабылдайды, ал жұмыс уақыты түске дейін дейді Жанар. Оның айтуынша, жексенбі мен дүйсенбі күндері мүлде істемейді.

"Бүгін, кезек күткен күннің өзінде, таңғы 04:00-те барып, тізім бойынша қырық үшінші болып қалдым. Бұл менің анықтама алу үшін келіп тұрған қатарынан алтыншы күнім. Осынша күн уақыт жоғалтып, нәтиже шықпауы – бұл қызметтің халыққа қолжетімді болмауының айқын дәлелі. Адамдар түнгі 00:00-ден бастап келіп, емхана алдына көрпе-жастығын әкеліп, қонуға мәжбүр. Бұл өркениетті елге тән жағдай емес", – деп Жанар ренішін айтты.

Ауданымызда шамамен 2 мыңға жуық түлек бар екенін ескерсек, мұндай шектеулі қабылдаумен бәріне уақтылы анықтама беру мүмкін емес екені түсінікті дейді Жанар.

"Осы мәселе бойынша жергілікті органдарға шағымдар жазылып жатыр. Бірақ әлі күнге нақты шешім қабылданбады. Тіпті Instagram-дағы "Шалқыған Шәуілдір" парақшасында жарияланған бейнешағымды да құзырлы органдар алып тастаған. Бұл халық үнін жасыруға тырысу сияқты көрінеді", – деді Жанар.

Бұл мәселеге қатысты Отырар аудандық орталық ауруханасының басшысының міндетін атқарушы Жасұлан Байназаров өзі хабарласып, жағдайдың толық назарда екенін айтты.

"075-формалы медициналық анықтаманы алу процесін жеңілдету үшін емхана дәрігерлеріне қосымша жұмыс уақыты белгіленді. Бұдан бөлек, кешкі уақытта да қабылдау жүргізу үшін арнайы график ашылды. Біз қазір бұл анықтаманың әсіресе мектеп түлектері мен колледжді аяқтаған жастар үшін аса қажет екенін жақсы түсінеміз. Халықтың көп жиналуына байланысты ұзын-сонар кезектердің алдын алу мақсатында осы қосымша шаралар қолға алынды. Қазіргі таңда тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр", – деді Жасұлан Байназаров.
Айым Атамбаева
Жұма, 04 Шілде, 2025 16:19
Талқылау