Қатаң тыйымның салдары: Ел нарықтан да, салықтан да, бақылаудан да айырылуда

Қазақстан қазір темекі мен никотин өнімдерін реттеудің ерекше кезеңінен өтуде. Қоғам мұндай нормаларды көбіне нарықты басқару құралы емес, оны тұншықтыру әрекеті ретінде қабылдап жатады. Шектеулер мен тыйымдар халық денсаулығын қорғау мақсатында енгізілсе де, нарық ешқайда жоғалмады, керісінше, өзгеріп, барған сайын көлеңкелі аймаққа өтіп барады. Сарапшылардың айтуынша, тиімді саясат үшін денсаулық сақтау, экономика және құқықтық нормалар арасындағы теңгерім өте маңызды.
Қазақстанда вейпке тыйым салу ересек тұтынушылар арасында көп талқыланған шешімдердің бірі болды. Бұған дейін снюс айналымнан алынып тасталды, ал тыйым – жалғыз дұрыс жол ретінде ақпараттық науқан арқылы халыққа тарады. Кейіннен ережелерді қатаңдататын, тіпті кейбір бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілік қарастыратын түзетулер қабылданды. Алайда сұраныс жоғалған жоқ, ол тек заңсыз арналарға көшті. Негізгі мәселе – нарық бақылауда тұрған заңды сегменттен шығып, көлеңкеге кетуі. Онда тауарлар сертификатсыз, бақылаусыз сатылып, тұтынушылар сапа кепілдігінен айырылады, ал бюджет салықтан және ресми жұмыс орындарынан қағылады. Экономистер мен заңгерлер бұл құбылысты жекелеген тыйымдардан да қауіпті тенденция деп бағалайды.
Парадокс мынада: Қазақстан бюджет тапшылығы туралы айтып, салық түсімдерін көбейтудің жолын іздеп жатқанда, табыс әкелуі мүмкін салаларда шектеулерді күшейтуде. Мысалы, кальян бизнесін алайық: қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйым салынғанымен, сұраныс сақталып отыр. Соның салдарынан бұл қызмет ашық, салық төлейтін кәсіптен кетіп, жаппай көлеңкеге ығысты. Демек сапасы да бақыланбайды, әлеуметтік кепілдік те жоқ.
"Стратегия" аналитикалық орталығының жетекшісі Гүлмира Илеуова мәселенің түп-төркіні қабылданып жатқан шешімдердің өзінде екенін айтады. Оның пікірінше, бізде денсаулық сақтау саласы мен экономиканы бір-біріне қарсы қою қате түсінікке айналған.
"Біз шын мәнінде шектеулерге негізделген нормалар жолына түстік, бірақ нарықты жою жолына емес. Экономикалық салдары жан-жақты зерттелмеген тыйымдар салықтық әлеуетті заңды өрістен ысырып тастайды. Экономика мен денсаулық – қарсы тараптар емес. Олар тек шынайылықпен үндеспейтін шешімдер қабылданғанда ғана бір-біріне қарсы болып көрінеді", – дейді ол.
Илеуованың айтуынша, реттелетін нарықты басқару әлдеқайда жеңіл: онда сапа бақылауы бар, салық түседі, еңбек қатынастары заңмен реттеледі. Ал заңды модель жойылғанда, сұраныс орнында қалады да, пайда заңсыз ойыншылардың қолына өтеді. Олар контрафакт өнім шығарып, экономика мен халық денсаулығына қауіп төндіреді.
Құқықтық жағдайды қиындататын тағы бір жайт – бұқаралық ақпарат құралдарында өзін "медициналық сарапшы" ретінде көрсетіп жүрген белсенділердің пайда болуы. Олар дәлелдің орнына ұрандарды алға тартып, қоғамда "қастандық теориясын" қалыптастырады. Илеуова ҮЕҰ-дардың пікірталасқа қатысуы маңызды екенін айта отырып, талдауға емес, эмоцияға негізделген шешімдер бақылаудан айыратынын, ал тыйымдар сұранысты жоймайтынын, тек оны заңнан тыс аймаққа ығыстырып, салықтар мен ресми жұмыстан айыратынын ескертеді.
"Ұлттық тұтынушылар лигасының" жетекшісі Светлана Романовская ересек адам таңдау жасай алуы керек дейді: "Адам өнімсіз қалған жоқ. Ол тек сертификатталған баламадан айырылды. Кез келген тауарға заңды балама ұсынылмай жатып тыйым салынса, ол көлеңкелі нарыққа ығысады. Бізде де солай болды. Қазақстанда қазір дүкендерде мәдени, өркениетті таңдау жоқ. Ол тек жасырын чаттар мен жабық сатылымдарда ғана бар. Бұл денсаулық туралы дау емес. Бұл – азаматтың реттелетін мемлекетте ересек адам ретінде таңдау жасау құқығы туралы дау", – дейді ол.
Романовскаяның пікірінше, кейбір ҮЕҰ мен танымал тұлғалар мемлекет мүддесін емес, популизм мен хайпты таңдап отыр. Соның салдарынан саясат сараптамаға емес, ықпал ету кампанияларына сүйеніп қалыптасады. Ол бұған дейінгі резонансты істі еске сала отырып атап өтті.
"Менің жағдайымда ел популистік, "эксперттік" жалған айыптаулардың немен аяқталғанын көрді. Сот дәлелдеді: қанша ұрандатсаң да, фактілерді жоққа шығара алмайсың. Ал кейбір блогерлердің реттеуге талпынысы енді сарапшыларға емес, жалпы денсаулық сақтау саясатының беделіне зиян келтіріп отыр", – деп атап өтті Романовская.
Ол соттың ұранға емес, нақты фактілер мен дәлелдерге сүйене отырып, Жамиля Садықованың айыптауларын негізсіз деп таныған резонансты іске сілтеме жасады.
Темекі және никотин өнімдерін реттеу тақырыбы ДДСҰ форумдарын қоса алғанда, халықаралық алаңдарда да талқыланып келеді. Алайда мұндай ұйымдардың ұсынымдары әр елдің жағдайына бейімделіп, экономистер мен заңгерлердің қатысуымен нақты пысықталуы тиіс. Әйтпесе реттеу жөніндегі шешімдер біржақты болып, мәселенің өзінен де үлкен қауіптер туғызады.
Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда экономикалық талдау денсаулық сақтау шараларын толықтыруы керек. Қатаң тыйым салу ойланбай қабылданса, ол әлеуметтік-экономикалық шығынға әкеп соғып, заңсыз айналымды арттырады. Медициналық шектеулер тек нарық бақылауда болғанда, тұтынушының заңды өнімге қолы жеткенде, бюджетке салық түсіп, саланың жұмысшылары ресми жағдайда еңбек еткенде ғана тиімді бола алады. Ал Қазақстан мұндай тепе-теңдікті ақылға қонымды диалог арқылы қамтамасыз етуге қабілетті.
Анықтама үшін: 2020 жылы темекі өнімдерінің заңсыз айналымы 1,4% болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 10,8%-ға дейін өскен. Соның салдарынан бюджет 40 млрд теңгеден аса қаржы жоғалтқан (32 млрд теңге – акциз, 8 млрд теңге – ҚҚС).
"Аппақ дәлізбен жүріп өтіп, жындарды көрдім": Жүрегін ауыстырған қазақстандық клиникалық өлім мен тылсым құбылыс туралы айтты