Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Каспий теңізінің маңынан ондаған итбалық пен балықтың өлекселері табылған

Түпқараған ауданы Баутино ауылының маңындағы Каспий теңізінің жағалауынан бірнеше итбалықтар мен балықтардың өлекселері табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

12 мамыр сағат 17:00 шамасында Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасының Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері Каспий теңізінің жағалауын бақылау барысында ондаған итбалық пен балықтардың өлекселерінн тапқан.

"Өзара іс-қимыл схемасына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар, мамандандырылған ғылыми ұйымдар, Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы, гидробиология және экология институты, қазақстандық қолданбалы экология агенттігі, микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы, облыстың ветеринариялық қызметі, экология және полиция департаменттері, табиғат қорғау прокуратурасы жедел түрде хабардар етілді", – делінген ведомствоның хабарламасында.

Итбалықтар табылған жерге атқарушы органдардың өкілдерінен тұратын жұмыс тобы шықты.

Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті және Қазгидромет қызметкерлері табылған жерден су мен ауа сынамаларын алды.

Табылған теңіз жануарларының көпшілігі бекіре тұқымдас балықтар шіріп кеткендіктен, сынама алу мүмкін болмады.

Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының қызметкерлері сынамалар алуға болатын ішкі ағзалардың (бауыр, өкпе) тіндерін ішінара іріктеп алды, ал гидробиология және экология институты тиісті зертханалық зерттеулер жүргізу үшін азу, тырнақ және жүнді іріктеп алды.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде жануарлардың өлімінің себептері мен басқа да мән-жайлары белгіленеді.

Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері Каспий теңізінің жағалау аймағының мониторингін жалғастыруда. 

Талқылау