Қазақстан Каспийді қорғау үшін түркі мемлекеттерін бірігуге шақырды
Фото: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізінің тартылуы түркі елдері үшін ортақ экологиялық қауіп екенін атап өтіп, оны сақтап қалу жолында бірлескен шаралар қабылдауға шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлай
Президент теңізді "түркі халықтарын байланыстыратын дәнекер" деп атап, су ресурстарын тиімді пайдалану үшін заманауи цифрлық және экологиялық тәсілдерді енгізудің маңызын айтты.
"Өзен-сулардың ортақ игілік екенін ескере отырып, оны тиімді пайдалану үшін жаңа тәсілдер керек деп санаймыз. Суару жүйесіне цифрлық бақылау орнату, тамшылатып суару әдістерін кеңінен қолдану, су қоймаларының тиімділігін арттыру жөнінде бірлескен бағдарлама қабылдауға болады. Қазір Каспий теңізі тартылып бара жатқанын білесіздер. Бұған бәріміз алаңдап отырмыз. Қарт Каспийдің түркі жұрты үшін орны қашанда бөлек. Оны халықтарымыздың арасындағы дәнекер деуге болады. Соңғы жылдары теңіз деңгейінің төмендеуі аймақтың экологиясы мен экономикасына кері әсерін тигізіп отыр. Бұл – жаһандық ауқымдағы мәселе. Мен мұны Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде және Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының мерекелік сессиясында айттым. Біз тамырлас және шекаралас елдер ретінде Каспий теңізінің ахуалын жақсартуға баса мән беруіміз керек. Мен түркі мемлекеттерін осы бағытта күш біріктіріп, бірлескен жобалар әзірлеуге, халықаралық бастамаларды қолдауға шақырамын. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен келесі жылы сәуірде Өңірлік саммит өткізуді жоспарлап отыр. Тақырып: "Тұрақты болашақ жолындағы ортақ көзқарас". Біз түркі елдері осы саммиттің жұмысына жоғары деңгейде белсене қатысады деп үміттенеміз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі жағдайда энергетика мәселесіне де баса мән беру керек екенін айтты.
"Бұл – экономикамыздың тірегі, стратегиялық әріптестігіміздің негізі. Бүгінде біз ортақ инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырудамыз. Энергия тасымалдаудың қауіпсіз әрі ыңғайлы жолдарын қарастырып жатырмыз. Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан арасындағы жасыл энергия дәлізі – осы саладағы жемісті ынтымақтастық үлгісі. Сонымен бірге жаңартылатын энергия көздеріне, ең алдымен, күн энергиясына айрықша назар аудару қажет деген ойдамыз. Осыған орай, Түркі мемлекеттері ұйымы аясында Энергия тиімділігі жөніндегі озық тәжірибе кеңесін құруды ұсынамыз. Дегенмен мұнай мен газды, уранды, көмірді, сирек кездесетін минералдарды игеру және оларды тиімді пайдалану Қазақстанның энергетикалық стратегиясының негізі болып қала береді", – деді мемлекет басшысы.
Талқылау

Қазақстанда отбасылардың жәрдемақы алу үшін әдейі ажырасатыны рас па? Зерттеп көрдік
Кейінгі онжылдықта Қазақстанда әлеуметтік қолдау көлемі ұлғайған сайын, некесін бұзған отбасылардың саны да арта түскен екен

Данна Қарағұсова кім: Ол ғарышқа ұшу үшін қанша төлейді
1 қазанда Blue Origin NS-36 миссиясымен ғарышқа ұшатын экипаждың құрамын жариялады. Онда қазақстандық Данна Қарағұсова да бар