Кәсіпқой боксшы Мейірім Нұрсұлтанов WBC рейтингінде бірінші орынға көтерілді
Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) жаңартылған рейтингте қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтановты жоғарылатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: instagram.com/meiirim.nursultanov
Орта салмақтағы рейтингте Мейірім Нұрсұлтанов (20-0, 11 КО) үшінші орында болған еді. WBC отандасымызды бірінші орынға шығарды. Бұған дейін ұйым осы салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атағын иеленген доминикандық Карлос Адамеске (24-1-1, 18 КО) Мейіріммен жекпе-жек өткізіп, атағын қорғауды міндеттеген еді. Алайда доминикандық боксшы жекпе-жекке шығудан бас тартты.
Әзірге рейтингте екінші орынға британиялық Хамза Шираз (21-0-1, 17 КО) жайғасты. Ал үшінші орынға тағы бір британиялық бокс мектебінің өкілі кіші-Крис Юбэнк (34-3, 25 КО) орналасты.
Айта кетейік, Мейірім Нұрсұлтанов соңғы рет 2023 жылы 17 қарашада жекпе-жек өткізген еді. Ол Өзбекстанның Ташкент қаласында болған бокс кешінде чилилік Хулио Аламосты (16-3, 9 КО) төрешілер шешімімен жеңген еді.
Айта кетейік, бокстан Қазақстан құрамасы жастар арасындағы әлем кубогында 27 жүлде жеңіп алды.