Қасым-Жомарт Тоқаев Меруерт Камалиденованы FIDE World Cup 2025 турниріндегі жетістігімен құттықтады
Фото: instagram.com/m_kamalidenova
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Грузияның Батуми қаласында өтіп жатқан шахматтан Әлем кубогының іріктеу кезеңінде жоғары нәтиже көрсеткен Меруерт Камалиденоваға құттықтау жеделхатын жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекет басшысы жас спортшының беделді қарсыластарды жеңіп, ел намысын лайықты қорғағанын атап өтті.
"Мемлекет өзіңіз сияқты талапты жастарға әрқашан қолдау көрсетеді. Елімізде бұл интеллектуалды ойын түрін жаппай дамыту үшін нақты шаралар қолға алынды. Өскелең ұрпақ өздеріңізге қарап бой түзейді. Әрбір жеңістеріңіз оларды жігерлендіреді", – делінген Президенттің жеделхатында.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Меруерт Камалиденоваға алдағы финалдық кезеңдерде сәттілік тіледі.
Айта кетейік, қазақстандық шахматшы Меруерт Камалиденова шахматтан өтіп жатқан FIDE World Cup 2025 турнирінің 1/8 финалына жолдама алды. Үшінші кезеңде ол 16 жастағы ресейлік гроссмейстер Анна Шухманды 1,5:0,5 есебімен жеңді. Алғашқы партия тең аяқталса, екінші ойында Камалиденова жеңіске жетті.

“Газ плитасы, күннен қуат алатын панельдер алып дайындаламыз”: Алакөлде шатырда қонып жүрген қазақстандық отбасы жабайы демалысты дәстүрге айналдырған
